Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  136


Автор: Ғалым Жайлыбай

Тобылғыжарған

Көктем дегенің
– көгілдір арман,
Көгертер кез бұл көңілді қалған.
Сәуірдің айы сәуле шашарда

Тобылғыжарған, тобылғыжарған...
Қыратқа барсам жолыма жақын,
Бұлаққа барсам толып ағатын.
Тобылғыжарған бүршік жармаса
Тобылғы сынды торығады ақын.
Ұқтырған ерте туар айларым,
Алағайларын,
бұлағайларын,
Жанымда желген желдірмелерім

Мамырда өрген Құралайларым.
Өтпелі дей ме өмірді жалған,
Көктем көгертер көңілді қалған.
Толғатқан жанның толайым күні

Тобылғыжарған, тобылғыжарған.
Түңілесің де,
тірілесің де...
Уақыттың Қарғам, ұлы көшінде.
Тобылғыға ыстап, сабаңды пісіп
Шаралап қымыз сіміресің бе?!..
Бағыма– үміт,
Сорыма– күдік,
Қасиеттеріммен жолыға жүріп.
Тобылғы сапты қамшымды ұстап
Тоқпақтай жалды торыға мініп.
Аттансам деп ем...
тым алыстарға,
жолығар жаным жұбаныштарға.
тобылғы түсті толқындарыммен
қосылып кетіп бұла ағыстарға.
Биіктеп ұшса көңіл мұнардан,
Өлең етермін Өмірді қалған.
Толайымыңды толқыным сүйсін
Тобылғыжарған,
тобылғыжарған...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу