Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  134


Автор: Ғалым Жайлыбай

Абаймен сырласу

Найзағай — тағдыр шатырламашы,
Дегберін алып пенденің.
Аға сұлтанның ақын баласы
Сөзімді тыңда, сен менің!
Өрлік өремді өлшетер едім,
Хандар да шықты қарадан.
Кісілігімді көрсетер едім
Бөжейдің асы тараған.
Шыңғыстың тауы шырайлы мекен,
Ұлылық қонған сол маңға.
Жидебай-жайлау жылайды ма екен;
«Жаздыкүн, шілде болғанда».
Қалың елдің де,
ну орманның да,
Қуарған кезін көз көрді.
Семсерін сертке суарғанның да
Сезімі сәтте өзгерді.
Мыңменен жалғыз алысқан Абай,
Шыңғыстан шыңға беттедің.
Артылып туған данышпан Абай
Тектіден туған текті едің.
Алмайды жырдың жүлдесін ақын,
Сүлдесі солғын ғасырда.
Бел-белестерге бірге шығатын
Ерболдай дос жоқ қасымда.
Шырылдап тұрған шырқар да құсым,
Тамылжығанда таң әні.
Оразбайлықтың жыртар намысын
Сәмен сұмдардың заманы.
Қасқая күлді қасқа маңдайлым,
Кедейлік кешкен күйіме.
Ту бие сойып ас бере алмаймын
Біржан сал түссе үйіме.
Ортаға салам олжамның бәрін,
көшімді бұрмай шалғайға.
...Толған ай сынды Тоғжанның әнін
Әйгерім — ару жалғай ма?!
Жайдақтықтармен жауласып әмән,
Ұшырған көкке жыр құсын.
Құнанбайлықты дауда сынаған —
Қайран да Ұлы Шыңғысым!
Жыртыстай бүгін жыртылғандар бар,
Майсаңды орар шалғымен.
Ұлы болуға ұмтылғандар бар
Ұл болып алмай алдымен.
Алаштың асқан тәңірі Абай,
Көреміз біз де жолда азап.
Жаратқан хақтың әмірі қалай —
Сен көрген қазақ — сол қазақ!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу