Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  95


Автор: Баянғали Әлімжанов

Гүлбанудың биіктігі

Өмір – жұмбақ, үйлесім мен қайшылық,
Күн батады , бір жағынан ай шығып...
Өсті ауылда жетпісінші жылдары
Он үш жасар Гүлбану қыз- талшыбық.
Сұлу еді, сұңғақ еді сымбатты
Сүйетін-ді әсем әнді, ырғақты,
Асыл еді, асқақ еді арманы
Ғашық еді бұл өмірге тым қатты.
Асық ойнап, доп қуалап таласқан
Балалыққа асыр салу жарасқан,
Құрбыларын таңдандыра өрмелеп
Аңғалдықпен шықты бір күн ағашқа.
Зау биікте қолын бұлғап тұрады,
Абайсызда оңбай бірақ құлады,
Озмыш бар ма тура келсе жазмыштан
Омыртқасы отыз жерден сынады.
Жанталасып әрең қағып иегін
Жағалады өмір-өлім жиегін,
Дәрігерлер алып қалды ажалдан
Жинастырып, гипстеді сүйегін.
Бала көңіл білмейді ғой мұңдану
Бал секілді оған қолда тұрған у,
Құлантаза айықтым деп аурудан
Алаң болмай оқи берді Гүлбану.
Қарағайдай түзу болсам деуші еді,
Сәмбі талдай нәзік болсам деуші еді,
Қыран ұшқан құзар шыңға құмар боп
Қаршадай қыз бойын көкпен өлшеді.
Барын салып дәрігерлер жазғанмен
Амалы жоқ...Көзге сап-сау болғанмен,
Күннен күнге бара жатты қисайып
Биіктікке бойын қанша созғанмен.
«Мұндай сұмдық болатынын білмеп ек», -
Дейді үлкендер... Енді жылап не керек?
Қыр арқасы қисық бітіп, қор қылып
Балдырған қыз болды мәңгі мүгедек.
Бір әпкесі, бар еді бес ағасы,
Жоқ бірақ та қолдан келер шарасы,
Күйігіне шыдай алмай қызының
Қайтыс болды атасы мен анасы.
Адамзаттың жігерінде бар ма шек?
Шектеу болса ерліктерге бармас ек,
Мектептен соң түсті оқуға Гүлбану
Таңдап алған мамандығы- фармацевт.
Жалдап тұрды Алматының шатырын
Дәмін татты тер мен табан ақының,
Күдер үзбей келер күннен, мұңайып
Аптекада істеп жүрді ақырын...
Отыр еді кешке тамақ пісіріп,
Дауыс шықты зәре-құтын ұшырып...
Бормотуха ішкен кеше көрші орыс
Өлейін деп жатыр екен қысылып.
Жоқ еді оның тірі жанға зәбірі,
Басқа жақта бала-шаға, бауыры,
Таза спиртті тамызғанда аузына
«Уһ!» - деп барып, соқты қайта тамыры.
Көзін ашып, қимылдады еріні,
Кең ғой, шіркін, даламыздың пейілі,
Жалғыз алқаш кәрі орысқа жаны ашып,
Түсті кемтар қазақ қыздың мейірі.
Өшпегесін өмірінің шырағы
Дәдә Миша тірлікке бет бұрады,
Жаман арақ ішсе уланып қалар деп
Таза спирттен әкеп беріп тұрады.
Талғамайтын бұрын сары, қызыл деп
Жаман ғадет Миша ағайда бүгін жоқ,
Аздап-аздап спирт ішіп, күн көрді,
Алғыс айтып, бақытты бол, қызым деп.
Совет елі айналмаған бөтенге
Коммунизм тұрған кез ғой көкейде,
Әйелі кеп алып кетті бір күні
Украина – қазіргіше шетелге.
Өте берді күн артынан күн жылжып,
Бір-ақ сәттей кейде уақыт бір жылдық,
Дәдә Миша іздеп кепті бір күні
Бір мұңлыққа сүйеу болып бір мұңлық!
«Құрбандығы болсам да ата салтының
Баласы едім батыр орыс халқының,
Жақынымның бәрінен де көрмеген
Жақсылықты сенен көрдім жарқыным!
Бұл өмірде біраз жерге барыппын,
Ақырында бәрінен де жалықтым,
Бала-шаға, әйеліммен табысып
Ем-дом жасап, ауруымнан айықтым.
Көрші болдым бір емшімен мен дейді,
Қырық жылғы бүкірлікті емдейді,
Келсін деді, сен туралы айтып ем,
Жүр менімен, жазыласың сен!» - дейді.
Есі шығып, қыз не дерін білмейді,
Миша айтады: «Оны көп жұрт іздейді,
Қисық бітіп, қатып қалған сүйекті
Сылап-сипап, сымдай тартып түзейді!
Күлпәрә боп, теріс бітіп, шор басқан,
Жон арқаға өркештей боп жармасқан
Сар сүйекті саздай илеп жазатын
Сиқыры бар, сан ғасырдан жалғасқан!»
Нанарын да білмейді қыз, нанбасын,
Күмәні жоқ, ағай неге алдасын?
Ем қона ма ескі ауруға – сол уайым,
Нар тәуекел, көре жатар барғасын!..
Айтса айтқандай, қайырымды шал екен,
Кемпірі де Иванына пар екен,
Халық емін атасынан үйренген
Өзіне аян құпиясы бар екен.
Емшілердің құрметке бір лайығы,
Кемелденген парасаты, пайымы,
Жұмсарта ма өз жүйкесін, кім білсін,
Ішеді ептеп... Осы ғана айыбы.
Әр нәрсенің бар ғой жауап, сұрауы,
Сырқат, бәлкім, жаратқанның сынағы...
Күтірлетіп күдірейген арқасын
Тәуіп алты ай маймен сипап, сылады.
Буын, буын – бәрін қозғап, баптады,
Төзімді деп түз баласын мақтады,
Кемпір-шалға көмекші боп тірлікте
Дала қызы дәм мен тұзын ақтады.
«Қатқан сүйек қалай ғана бүгілмек,
Бүгілмесе, жөн бе өмірден түңілмек?»
Шерлі жанды жұбандырды Ваня атай,
«Шешуші сәт, келді қызым, бүгін» - деп.
«Алты ай бойы дайындадым қарағым,
Тәуекел ғып, дерт шипасын табамын,
Өзім ғана құпиясын білетін
Ертіндіге екі сағат саламын.
Жібіген соң әбден балқып буының
Әр сүйектің салам тауып орынын,
Қалпына кеп қатқан кезде қайтадан
Сұңғақ бойлы, сұлу болмақ порымың!»
Ертіндіге ептеп қызды салыпты,
Жеңіл, жылы жамылғысын жауыпты,
Сәтін тосып, байыз таппай жүрген шал
Ішкен екен... Мас боп ұйықтап қалыпты!
Тағдыр жолы бір өткелге таянды,
Оның сыры тек құдайға аян-ды,
Қалғып кетіп балбыраған бейбақ қыз,
Таң алдында кенет шошып оянды.
Демі бітіп, қара терге малшынған,
Айқай салды жан шыдатпас шаншудан,
Өне бойы от боп күйіп барады
Сүйектері секілді оңбай жаншылған.
Шал да оянып, жеткен екен алқына,
Жидіп түскен бер терісі, жарқырап,
Көрініп тұр балқып кеткен сүйегі,
Қатып қалған... келмейді енді қалпына.
Күле алмайды еңсе тіктеп шалқалап,
Жүре алмайды шақырса да шартарап,
Өксіп-өксіп өмір сүрмек жас сұлу
Өз тағдырын еркесіндей арқалап.
Шал күйініп, тоқпақтады өз басын,
«Кеше гөр!»-деп, төкті көлдей көз жасын,
Оңалмады оған бірақ, амал не,
Бастан бақыт, сәттен уақыт озғасын.
«О, құдайым! Мені қайда бастадың?
Бір бейбақты кемтар қылып тастадым,
Өмір бойғы жақсылықты жоя ма
Жазатайым жаза басқан қас-қағым?
Сал боп жатқан қанша адамды тұрғыздым,
Омыртқасын түзеп тура жүргіздім.
Мейірбанды дана тәуіп атанып
Обалына қалдым ақыр бір қыздың!»
Қыз түсінді зар жылаған жан мұңын:
«Мойныңа алма ауырлықтың барлығын,
Болмайды екен қайтып қолмен түзеуге,
Әу басынан қисайған соң тағдырым!»
Таң алдында екі ғаріп зарлады
Жана беріп қайта сөнген арманы,
Тілге келді біраздан соң ақырын
Есін жиып емшіліктің тарланы.
«Келді саған зор жақсылық жасағым,
Күйігіңді енді қалай басамын?
Өмір бойы азық болар жаныңа
Емшіліктің барлық сырын ашамын.
Бейнеттің де болар, бәлкім, өтеуі,
Бұл құпия жансерік боп кетеді,
Ұстай білсең қасиетін қадірлеп
Керегің мен мерейіңе жетеді!»
Жеті жылдай мекендеді жат жерді,
Төкті аямай шәкірт ақ тер, көк терді,
Атасымен адам емдеп жүргенде
Неше түрлі жағдайға да тап келді.
Көрді басшы, генералды, әскерді,
Спортшыны, спецназды, актерді
Тіліне де, дініне де қарамай
Сынған, шыққан сүйектерін сап берді.
Тірей қалып сұқ саусағын бір жерге,
Ауру сырын айырады қыз демде,
Аһылайды ақ аюдай алыптар
Бармақтай қыз арқаларын үзгенде.
Омыртқалар...Зақым көрген, ұшынған,
Қиқы-жиқы, ию-қию, қысылған,
Бұратылған нар жігіттер түзеліп
Сүйді қыздың саусағының ұшынан.
Разы болып, «атақ, ақша ал, - деді,
Украина - біздің елде қал,»- деді,
Бір жымиып ілтипатпен дегдар қыз,
Менің туған қазақ елім бар, -деді.
Маңдайалды мықты тәуіп атанды
Сыннан өтіп, сертификат қоса алды,
Алғыс айтып, рұқсат сұрап ұстаздан
Елге оралып, емханасын ашады.
Көңілінен алыс тұрды бұлдану,
Ізгілікте шындап жарыс қылды ару,
Қарағаштай қатып қалған арқаны
Сәмбі талдай майыстырды Гүлбану.
Үміт артқан әр күніне, әр айға,
Шипалы қол дәру болды талайға,
Өзгелерге шарапаты тигенмен
Өзін емдей алмайды екен алайда!
Омыртқа деп өмір әнін салғандай,
Омыртқасыз өмір бізде бар қандай?
Бауырлардың бақыты үшін балғын қыз
Өз сымбатын құрбандыққа шалғандай.
Өркендерім түзу өсіп, өнсін деп,
Еңбек етіп, ет жүрегі дүрсілдеп.
Қанша адамды кемтарлықтан құтқарған
Гүлбануды ел айтады ерсің деп!
Алды жұрттан ағыл-тегіл алғысты,
Қанаттанып иманды қыз алға ұшты,
Бой ұсынып бұйрығына Алланың,
Бағы жанды, бала сүйді, жар құшты!
Рухы сынбай, жолдан өтіп шыңдалу
Биігіне шықты осылай Гүлбану,
Ақынға да құдайдың бір сыйлығы-ау
Мейірбанды адам жайлы жыр жазу!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу