Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  218


Автор: Баянғали Әлімжанов

Керей Ер Жәнібектің көңілі мен көк дөнені

Сиынып жаратушы бір құдайға
Қылышын тасқа қайрап, жанып айға,
Қазақтың арыстандай батырлары
Анттасып, серік болып Абылайға,
Жолында азаттықтың жан қимаса
Алаштың соры қалың, бағы қайда?
Өліпті ханның аты бір соғыста
Қадалып тар қолтықтан зәрлі найза.
Хан жығылып, шайқалып тұр байрағы
Дүние төбесінде шыр айналды,
Қазақты мұратына жеткізе алмай
Арманда кеттім – ау деп шын ойланды,
Қапыда жаяу қалған Абылайды
Қоршауға бір топ қалмақ ыңғайланды.
Шыдайды ер – сынаққа, нар – салмаққа,
Мұрша жоқ жанталаста жар салмаққа,
Бетпе – бет келді ажалмен қаhарман хан
Қасқайып қан майданда қарсы алмаққа.
Ер үшін өлімнен де намыс күшті
Ызадан беттің түгі қарыс шықты,
Тұрғанда хан тағдыры қыл үстінде
Алдияр, аттан деген дауыс шықты.
Қараса - жас Жәнібек қара балуан,
Қайтпаған қалың жаудан жалаулаған,
Секіріп түсе қалып, тартты ханға
Көлденең көк дөненді танаураған.
Алдияр, көк дөненмен жөнел, - деді,
Жолыңа қарап отыр көп ел, - деді.
Сен жаяу қаласың ба? – деген ханға
Маңдайға жазылғанын көрем, - деді.
Хан айтты : «Мен жылыстап кете алмаймын,
Мақсатқа қашып – пысып жете алмаймын,
Жолдасын жауға тастап, бас сауғалап
Бұтаға бұққан бейбақ атанбаймын!»
Жәнібек отты көзін сырға тұнған
Тік қадап, деді : «Кез бе ырғатылған,
Сендей хан керек қазір халқымызға,
Мен өлсем – ер туады бір қатыннан!
Қазаққа жан – жағынан қауіп төнді,
Алып шық тар кезеңнен халықты енді!»
«Кетпеймін, - деді Абылай, - соғысамын
Сенімен қатар тұра қалып тегі.»
Жәнібек : « Қор қылғанша қонтайшыға
Тастаймын өзім сені шауып, - деді.»
Уа, алдияр, екеуміз
Бірдей өлсек жөн болмас,
Бассыз қалса қазағың
Есі кетіп, ел болмас,
Елдің қамын жесеңіз
Жер біздікі десеңіз
Аттан, деп, енді бөгелмей,
Жәнібектей жан жолдас
Қолтықтан ханды көтеріп
Көк дөненге мінгізді,
Шүу, жануар, кәні деп
Жаутаңдаған дөненді
Тобылғы сапты қамшымен
Сауырынан бір тартып
Елге қарай жүргізді.
Егесін жерге қаратпай,
Керіле тартқан садақтай,
Көсілте сермеп тұяғын
Көденің түбін тепкізбей
Көлбей ұшты көк дөнен,
Жебеге жауған жеткізбей
Көбесін ердің сөккізбей
Желдей ұшты көк дөнен.
Хандығы мен қазақтың
Елдігінің тағдырын
Қыл мойнымен көтеріп
Өрлей ұшты көк дөнен.
Қағанатын қазақтың
Аманатын Алаштың
Анталаған дұшпанға
Бермей ұшты көк дөнен!
Қос танауы делдиіп
Қос өкпесі қысылып
Аузынан көбік бұрқырап,
Шыбын жаны шырқырап
Жанып шықты көк дөнен,
Қара бұлтты құрсаған
Жарып шықты көк дөнен,
Қара таудай аруағы
Қара жердей салмағы
Абылайдай ханыңды
Бір ажалдан аман – сау
Алып шықты көк дөнен!!!
Жәнібек енді жауға бұрылады,
Басына бір төбенің шығып алды,
Жаяуды тапап өте салам деген
Өркеуде көк сүңгіге ұрынады.
Жалғызға жан – жағынан жабылғанда
Жалт еткен қылышынан қырылады,
Жапырып жолбарыстай Ер Жәнібек
Ақырса, жаудың жүні жығылады,
Бір қалмақ гүрзіменен ұрған кезде
Қалқанмен қағып қарсы тұрып алды,
Шап беріп ұстай алып айдарынан
Атынан тымақтай ғып жұлып алды,
Аунатып топыраққа бұрқ еткізіп
Атына ата жаудың мініп алды.
Тұлпар ат тигеннен соң тақымына
Далада бөгет бар ма батыр ұлға,
Ұран сап айбаттанды Ер Жәнібек
Құйылып көктен қуат қарқынына.
Аруағы Жәнібектің асқан екен,
Тарыдай торғауытты шашқан екен,
Қоршауын қорқаулардың бұзып шығып
Ханының оң тізесін басқан екен...
Өткеннің аңыз болған шын дерегі,
Біздерге бар ғой оның мың керегі,
Ажалдың ауызында тұрған сәтте,
Біреуге атын түсіп кім береді?
Аман – сау Абылайды алып шыққан
Керейдің көнілі мен көк дөнені!
Ерлікпен ақ найзаға ту байлаған,
Салмаған дақпырт үшін құр байбалам,
Айналдым аруағынан аталардың
Алдымен өзін емес елді ойлаған.
Жаудан қорғап даланы
Халық үшін қан кешіп
Хан үшін жанын қиятын
Жәнібектей ер қайда?
Ер қадірін білетін
Абылайдай хан қайда?
Жарықтық атам Жәнібек
Арғы бет пен бергі бет
Арасын ашып жол қылған,
Шетінде болам елдің деп,
Өтінде болам желдің деп,
Бетінде болам жаудың деп,
Жайлаймын еркін жан – жағын
Атамыз Алтай таудың деп
Он екі Абақ Керейді
Қанатын жайып қондырған,
Өрісін ашып ел қылған,
Ерліктің асыл жыр – әнін,
Азаттықтың ұранын
Ұрпағына мәнгілік
Аманат қылып қалдырған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу