Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  86


Автор: Баянғали Әлімжанов

Байғозының жебесі

Қонады ел ордаға, ер тұғырға,
Жетеді ат дүбірі алты қырға.
Бір күні хан әскері келе жатты
Заманда жаугершілік жортуылда.
Шындаса қалың қолды харап қылған,
Батырлар кең даланы азат қылған.
Зәресі зәр түбіне кететіндей
Дұшпанның ту сыртынан қарап тұрған.
Құдайға шүкіршілік айтады жұрт
Бұларды қалмақ қылмай, қазақ қылған.
Өрендер ағаларға бойын түзеп
Жүйрігін ерлік жолға жараттырған.
Орғытып ойға-қырға арғымақты
Самалға құйрық-жалын тараттырған.
Саумалап сақалдарын қариялар.
Тілек қып, үміт күткен талаптыдан,
Қосынға елеусіздеу қосылыпты
Байғозы жаңа шыққан тарақтыдан.
Сіңірлі, серіппедей ширатылған,
Қимылы қабыландай түнде атылған.
Айбарлы, ай маңдайлы, асқар бойлы
Жанары ауырлаған мұңды ақылдан,
Байғозы батырлармен жортты бірге
Ас-суын бөліп ішіп бір бақырдан.
Сол уақыттар болғанда,
Шақшақ ұлы Жәнібек
Асып туған ер еді,
Бұрқыратып иісін
Насыбай атып жатқанда
Байғозы тура келеді,
«Шақшаңызды ағасы
Бері таста»,-дегені.
Арыстандай Жәнібек
Серпіліп сөзді бастасын,
Түшкіріп әуел тастасын,
«А, шырағым, шырағым,
Былай қойып басқасын,
Ұялмай қайтіп сұрайсың
Жәнібектің шақшасын?
Ертең жауға барғанда,
Қиқулап ұрыс салғанда,
Жалпақ жатқан жұртыңа
Жарақ болар ма екенсің?
Есің шығып далбаңдап,
Қарғадай боп қалбаңдап,
Етігіңнің басына
Қарап қалар ма екенсің?
Ақ найзадай сартылдап,
Алдаспандай жарқылдап
Қалың қолды жарғанда,
Жұлдызың биік жанғанда
Насыбайды атуға,
Қолымнан менің татуға
Жарап қалар ма екенсің?»
Жәнібектің сөзіне
Байғозы қаны қайнады.
Қайнаса да сабыр ғып
Арғы жағын ойлады.
Насыбай үшін бір атым
Асқар таудай басы үлкен,
Ақ сақалды жасы үлкен
Жәнібектей ағаны
Жаман сөзге қимады.
Сол уақыттар болғанда
Дауылпазы қағылып
Даланың бәрі даң болды,
Болат тұяқ дүркіреп
Жердің жүзі шаң болды,
Күннің көзі тұтылды
Күлімдеп тұрған дүние
Қара шаңға жұтылды.
Қалың қалмақ қиқулап
Ойдан-қырдан құйылды,
Ту астына жиылды,
Қара қасқа ат мінген
Қара таудай бір қалмақ
Қара туын үйірді.
Айналасын жапырып
Соқтырды қара құйынды,
Алаштың ұлы абдырап
Бір аллаға сиынды!
Тұтасқан тұлғасынан жұрт шошынды,
Жан-жағын жалмайтұғын жұт секілді,
Оянып мың жыл бойғы ұйқысынан
Піл мініп, таудан түскен пұт секілді.
Найзаға ту байлаған қыл шашақты,
Шашақты қанша батыр қырқа шапты,
Көк найза бұлғап-бұлғап толғағанда
Қапыда талай ерлер қаза тапты.
Туының желбіреген қылшығы оқтай,
Тілгілеп тиген жерін тұр шыдатпай.
Жаңбырдай жауған жебе сауытынан
Серпіліп шашылады қу шыбықтай.
Қайнады қара бұлттай қалмақ туы,
Қаһары қабағынан саулап тұрды,
Қайқайтып қазақ соққан қарсы келіп
Күрзісін көрген де жоқ қаңбақ құрлы.
Ұшырып үрей-құтын ұландардың
Бездіріп айдалаға жан бақтырды,
Қылышпен қия тартып жанкештіні
Сайғанда көк сүңгімен шаң қаптырды.
Жасында жолбарыстай жауды соққан
Жәнібек басын шайқап барлап тұрды.
«Қазақты басқандай ма қара албасты,
Сөгіліп қабырғасы құты қашты,
Жығатын жалмауызды ұл тумап па
Қан кешіп, қорғап қалар алты алашты?»
Сол кезде жас Байғозы қара дәуге
Қарсы кеп, садақ кезеп тайталасты.
Байғозы көн садақты шірей тартты,
Ұрандап күш-қуаты үдей тартты,
Қабандай қорқыратып қақ жарам деп
Көзінен кіндігінің тірей тартты.
Түйені тесіп өтер болат жебе
Тигенде тас қалмаққа діріл қақты.
Бөгелді көбе бұзар дір-дір етіп,
Күлгендей болды қалмақ ыржың етіп,
Байғозы байлап атса неден болсын
Ағып өте шығатын зыр-зыр етіп.
Дірілдеп көк сұр жебе қайысқандай,
Торғауыт тоғыз қабат майысқандай,
Көзінен кіреукенің көктей өтіп
Ажал боп кіндігіне жабысқандай,
Теңселді таудай неме ат-матымен
Бір өзі он сан қолмен сайысқандай,
Опырып өтпеді-ау деп атқан оғым
Байғозы ақырды кеп арыстандай,
Аузынан ақ жалын боп атылған дем
Дұшпанның дуасымен алысқандай,
Гүрс етіп құлап түсті сонда қалмақ
Қара тау қара жермен табысқандай.
Қалмақтың туы құлап, басы кетті,
Аруағы алты Алаштың асып кетті,
Атойлап «Абылайлап» ат қойғанда
Нояндар қоян болып қашып кетті.
Қалмақтың көбі сонда өлді дейді,
Қазақтар тас-талқан ғып жеңді дейді,
Дұшпанын жеңіп болып ер Байғозы
Аяңдап Жәнібекке келді дейді,
Байғозы сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
«Ау, ағасы, ағасы,
Алтынды тонның жағасы,
Тілеуіңді құдайым
Берген жоқ па қарашы,
Бір насыбай ататын
Сіз бен бізге бір кезек
Келген жоқ па шамасы?!»
Жәнібек сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
«Айналайын қарағым,
Не десе де жарасар,
Біз секілді ағаға,
Сынап едім өзіңді
Сөзімді ауыр санама,
Жалғыз оқпен жауыңды
Жеңіп берген жарығым
Ризамыз ата-анаңа,
Сендей ұлдың жолына
Шақша түгіл дәл бүгін
Шақшақтың өзі садаға!»
Тастай берді шақшасын
Насыбайды атқасын
Аға-інідей жарасып,
Батырлар тартты ауылға
Жақсылықпен тарасып!
Наймантайұлы Байғозы,
Бағлан да өзі, бай да өзі.
Өрледі бағы бұдан соң
Алланың түсіп оң көзі!
Абылай туын ұстаған
Өмірі оның өнеге
Ерлігі өшпес сабақ-ты,
Атасы батыр Наймантай
Айбалтадай қамшымен
Жайратқан жауын жарақты,
Нағашысы Есет, Бөгенбай,
Айбынын елдің асырып
Әлемге даңқы тарапты.
Жиені батыр Ағыбай
Ақжолтай деп алты Алаш
Әулиеге санапты,
Жиені Ықылас күйімен
Дүниені ұйытып
Тербеген түгел тарапты,
Ұрпағы дана Ақселеу
Ғылымның түсіп жолына
Білімнің нұрын таратты,
Жұлдыздай жанып ұл-қызы
Өркендеп өсті Тарақты,
Тарақтыны жырласақ
Жырлағанымыз емес пе
Байрағы көкте шалқыған
Байтақ елім қазақты!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу