Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  179


Автор: Баянғали Әлімжанов

Айкөл Манас пен Ер Көкше

Айкөл Манас батырмен
Қазақтың ханы Ер Көкше
Қаршадайдан қанаттас,
Қойы болған қоралас
Тойы болған аралас,
Жолы болған жоралас
Антқа берік дос болған,
Байтақ жатқан қазақтың
Ғажабы да көп болған
Азабы да көп болған,
Жақтағанда бір-бірін
Жаннан асқан бауырмал
Бал ауызы бір бөлек,
Жақпағанда іші тар
Алауызы бір бөлек,
Қызғаныштан ішіне
Қарап жүріп кек қонған
Бір-бірін мүжіп жеп болған,
Жігерлері мұқалып
Жіліктері жұқарып
Жүдеп тұрған кезінде
Аңысын тауып жаулары
Аңтара шапқан шақ болған,
Даланың беті өрт болған,
Жұмыртқадай ақ үйлер
Отқа оранып жоқ болған,
Осы көрген қорлығы
Мәңгі-бақи қазаққа
Ұмытылмас дерт болған,
Ондай күнді құдайым
Бермесін деп ұрпаққа
Тілек ќылып күндіз-түн
Сол үшін күрес-серт болған!
Ай, жарықтық кең дала
Бір шетінен дүркіреп
Құстай ұшқан киігі
Бір шетіне зырқырап
Қырық күнде жетпеген,
Бір жағының қар,мұзы
Сереленіп жатқанда
Бір жағында құлпырып
Жемістері көктеген,
Көк бөрідей ұлдары
Көк сүңгісін көлбетіп
Көлденеңдеп шапқанда
Түз тағысы қылт етіп
Алдын кесіп өтпеген,
Сертке берік ерендер
Семсердің тұрып жүзінде
Дәмнен аттап кетпеген,
Асылық қылып асқақтап
Қырсығып табақ теппеген,
Арулар күлсе күймеден,
Үміттеніп түймеден
Көрінгенді сүймеген,
Дүниені тербетіп
Домбырасын күйлеген,
Аузыменен алдамай
Тебіреніп, толғанып
Жүрегімен сөйлеген,
Сүрінгенге күлмеген,
Жығылғанға тимеген,
Арқада қосы қисайса
Дос түгіл қасын сүйеген,
Атойлап алға атылып
Ұрандап ұрыс салғанда
Найзасының ұшында
Тоқсан қалша билеген,
Кердеңдеген кәуірді
Кәуаптай қылып түйреген!
Қазақтың қайран ерлері
Найзаларын саптасып,
Тұлпарларын баптасып,
Қылыштың жүзін таптасып,
Бірін бірі қомпитып
Батырсың деп мақтасып,
Қандай заман болад деп
Алты малта, бес құртын
Қоржын түпке сақтасып,
Даланы жауға бастырмай
Ел шетіне сақ болған,
Қазақ,қырғыз баласы
Астарында тақ болған,
Бастарына бақ қонған,
Мұсылман түрік баласы
Мызғымастай тұтасып
Тұранның байтақ жерінде
Қырандай ұшқан шақ болған!
Кешілдің ханы Қоңырбай,
Қаһары қатты шоң Жолай,
Манжудың ханы Несқара,
Айкөл Манас батырды
Айқасып та ала алмай
Айтысып та ала алмай,
Құрыштай берік тұтасқан
Ынтымақты ерлердің
Қапысын аңдып таба алмай
Жиылып кеңес салғаны,
Қара жолтай Несқара
Сұмдықты ойға алғаны:
“Айқаймен алмас қамалды
Айламен алсақ болмай ма,
Бір болатқа бір болат
Қайрап салсақ болмай ма,
Бір бауырға бір бауыр
Айдап салсақ болмай ма,
Қырғыннан аман қалғанын
Байлап алсақ болмай ма?
Біреудің тілін ойланбай
Алғыш халық емес пе?
Не десең де бас шұлғып
Нанғыш халық емес пе?
Ұйып тұрған жерінен
Іріген сүттей қылайық,
Ұяласынан айырып
Ұлыған иттей қылайық,
Еге болған көсемін,
Шеге болған шешенін
Оқтан қайтпас батырын
Сөзден қайтпас ақынын
Бір-біріне сыртынан
Анау сенен асты деп
Жамандап қойсақ ақырын,
Алдап-сулап азғырып,
Мансаппенен мәз қылып,
Қызғанышын қоздырып,
Аранын ашып аздырып,
Алтыннан күрек ұстатып
Бірінің көрін біріне
Лақат қылып қаздырып
Шоң даңсаға аттарын
Лақап қылып жаздырып
Көтеріп қойсақ кейбірін
Шекпен менен шен беріп,
Кеудесіне дем беріп,
Қолтығына жел беріп,
Ай мезгілі өткенде
Күн мезгілі жеткенде
Далада қалар сенделіп!”
Несқараның сөзіне
Қалғандары тақ тұрып,
Салтанатпен сап құрып,
Несқара келді Көкшеге
Атанға жүгін арттырып,
Көзді алдаған құмар зат,
Інжу, маржан, зүбаржат,
Жиһаздары жарқылдап,
Сандықтары сартылдап,
Алмақ болды қазақты
Аузы-басын алтындап,
Сөйлей берді Несќара,
Сарыарқада саңқылдап:
“Байрақты қазақ елісің
Байтақ жатқан жерің бар
Жоқ ешкімнен кемісің,
Талайдан артық өрісің,
Алтын, күміс артынып
Әдейі келдім сен үшін,
Қанаттассаң бізбенен
Көктеп өсер жемісің,
Ежелгі біздің жауымыз
Іргелесің қырғыздар
Күндіз-түні өздерін
Қырғыздан артық ел жоқ деп
Мақтайтұғын көрінет,
Қазақ пенен өзбекті
Бізден шыққан ел ғой деп
Даттайтұғын көрінет,
Білесің бұның терісін,
Терісін білсең несіне
Терлейсің босқа сол үшін?
Біз қырғызды шапқанда
Төбесінен басқанда
Жалғастыр бізбен жең ұшын,
Қол алысып осыған
Жасайық бүгін келісім!”
Анда Көкше кеп айтат,
Кеп айтқанда деп айтат:
“Үретұғын айға да,
Үретұғын сайға да
Иттер бар ғой қайда да,
Қатын сөзді қоздырып
Қазақ пенен өзбекті
Қырғызға қарсы қайрама!
Бір халықты бір халық
Басынбаса болмай ма,
Бұғалық боп мойнына
Асылмаса болмай ма?!
Көптігіне мастанып
Әлі жеткен аздарды
Билемесе болмай ма?
Тамырын езіп таптайлап
Илемесе болмай ма?
Өз жерінде әр халық
Өз бетінше ел болып
Тұра берсе болмай ма?
Өз еркімен тірлігін
Қыла берсе болмай ма?
Жақсылықпен жарқырап
Күндей күліп көктегі
Шыға берсе болмай ма?
Бірімізді қазақ қып,
Бірімізді қырғыз ғып,
Бірімізді орыс қып,
Өзбек, қытай, қалмақ қып
Бір тәңірім әу бастан
Бірдей тең ғып жаратқан,
Жайлайтын бөлек жер беріп,
Сайрайтын ерек тіл беріп,
Ай-әлемге таратқан!
Екі мың жыл жасап өлмеген
Ежелгі тұқым сен болсаң,
Қазақ, қырғыз, өзбекті
Жаңа туды деп пе едің?
Тұрағы жоқ, түбі жоқ
Жыннан шықты деп пе едің,
Құрағы жоқ, түгі жоқ
Құмнан шықты деп пе едің?
Кеше атамыз қуғанда.
Қабырғаны жағалап,
Қорғаныңды паналап
Жөңкіле қашқан жоқ па едің?
Кеңесем десең сөз басқа
Теңесем десең сөз басқа
Егесем десең өзің біл!
Үйіңе сенің бардым ба,
Үркітіп бүлік салдым ба?
Ат ойнатып аулыңа
Айқырып бүлік салдым ба?
Шаһарыңды талқандап
Ширатылған шылбырдай
Шашыңды кесіп алдым ба?
Төріңе шығып тайраңдап
Тыныш жатқан жұртыңды
Табаныма салдым ба?
Қаруыңды көтеріп
Басқа елге неге барасың?
Қырғынды неге саласың?
Билігіңе көнбейді
Алашым мен Манасым,
Жерін тартып алам деп
Қорлық, зорлық қылсаңдар,
Халықтардың қаһарлы
Қарғысына ұшырап
Айдалада қаңғырып
Көмусіз бір күн қаларсың!”
Телегейдей сөздерін
Толғап-толғап алғаны,
Мықтысынған манжуды
Ырғап-ырғап алғаны,
Ерен Көкше, ер Көкше,
Заңғар ойлы зор Көкше,
Қырандай болып самғады,
Оқуы күшті Несқара
Айла таппай қалғаны,
Майлы шектей жылпылдап,
Сабындай болып сылпылдап,
Тағы да кептен салғаны:
“Сынап едім Ер Көкше
Жақынын жауға бермес деп,
Сөз қонған қазақ баласын
Дауласып ешкім жеңбес деп,
Айдарханның Ер Көкше
Ерлігіңе сенейін,
Осы әкелген байлықты
Сұраусыз саған берейін,
Орайына тек қана
Біз қырғызды шапқанда
Аулақ тұрсаң болғаны,
Арамызға кіріспе
Ата жауым қырғызбен
Амандық-саулық біліспе
Қатарласып жүріспе!”
Көкше сонда сөйлейді
Сөйлегенде бүй дейді:
“Бөліп-бөліп бұтарлап,
Тіліп-тіліп тұтамдап,
Жұмырыңа жұқ қылмай
Отырмысың жұтам деп?»
Көкшенің қаны қайнады,
Ту биенің тоқпақтай
Тұтамдап тоқпан жілігін,
Бұтар-бұтар шайнады:
“Жылтыраған байлыққа
Сатылатын халқым жоқ,
Достарын сатып кететін
Ол халқымның салты жоқ,
Әсемдеткен мүліктің
Бояуына білдірмей
Бойға баяу сіңетін
Улы дәрі қоспасын,
Жылтыраққа алданып
Бізді қара баспасын!
Өз көлімді қорсынып
Теңізді қайдан табамын?
Өз малымды қомсынып
Семізді қайдан табамын!
Айдың бұрышы алты сан
Алты айналып іздесем,
Жердің бұрышы жеті сан
Жеті айналып іздесем,
Айырқалпақ қырғыздай
Егізді қайдан табамын?!
Қырғызсыз қазақ бола ма,
Қазақсыз қырғыз оңа ма?!
Айкөл Манас дауысы
Алатаудан ақырса
Түп Бейжінге жеткендей,
Алтыныңды алмаспын,
Қазынама салмаспын,
Сары алтынға сатылып
Санатты жұрттың алдында
Қарабет боп қалмаспын,
Тұқымымыз Тұранның
Түлегіміз қыранның,
Түлкілікке бармаспын,
Сыйыңды көріп құрметпен,
Аттаныњыз дүрмекпен!”
Есіле сөйлеп Ер Көкше
Шешімін кесіп бергені,
Манжудың ханы Несқара
Амалсыз бұған көнгені,
Ақылы асқан Ер Көкше
Атасы басқа манжуды
Алтынына алданбай
Қаңқуына малданбай
Айқаспай-ақ жеңгені!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу