Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  124


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Кеттің енді...

Кеттің де
көңіліңе өзге тілек толып,
Ал мені қайта іздейсің
жүдеп, солып.
Сен мені ұмытуың мүмкін емес,
Кеудеңде тұрған кезде жүрек соғып.
Мен – сенің өмірдегі ән мен гүлің,
Аңсаған қалмай бойда сәл дегбірің.
Мен – сенің атар таңың, татар дәмің,
Мен сенің жолыңдағы әр белгімін.
Сен мені мүмкін емес сағынбауың,
Заңды ғой сағыныштан арылмауың.
Мөлдіреп мен тұрамын әр кез саған
Жолыққан жанарынан арулардың.
Кеттің сен, ұмыттым деп жүрсің мүлде,
Сүйеніп талға кеше күрсіндің бе?
Көзіңді қызықтырған сонда сенің
Мен бармын жас бұтақтың бүршігінде.
Қарасаң, шынар да мен асқардағы,
Сен келер үйдің менмін баспалдағы.
Төбеңнен ұзақ түнге төніп тұрам
Жұлдыздар көзіменен аспандағы.
Кетсе егер терезеңді самал ашып,
Ол менмін, мейлің, безіп далаға шық.
Қолдағы шылымыңның түтінімен
Деміңе кетем тіпті араласып.
Дауылдың екпінімен ақпандағы
Тіреуді бұзып кірем қақпаңдағы.
Құйын боп берекеңді кетіремін,
Шашамын қағазыңды тартпаңдағы.
Әуреге түспе ұмытып мені мүлде,
Өзгеге сүйкімді боп көрінуге.
Онда бар тіршілігің ойрандалып,
Быт-шыт боп кетер мүмкін өмірің де.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу