Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  123


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Ұшқышқа

Ұша бер.
Мен сендікпін.
Күтудемін.
Жүректің сендік әнін бітірмедім.
Бір сендік екеніне жетер көзің
Бойдағы жалынның да бүтін менің.
Өзіңмен бірге тілек, намысым да,
Мен бармын өткен күндер ағысында.
Жоғалтарсың,
Қайтадан жолығарсың
Сені іздеген жүректің дауысына.
Бекер емес өткеннің саған бәрі,
Көңілдің борандары,
Жүректің жана алмауы.
Мүмкін емес бәрі де бір күндері
Есіңе оралмауы.
Таныс үйдің қақпасы жолыңдағы,
Кірпіктердің ұйқыдан жаңылғаны,
Түсіңе енген сол әйел
Сені күткен,
Ұмыт болу мүмкін бе соның бәрі?
Жарысып найзағайдың күркірімен,
Ұша бер,
Сірә, неден іркіліп ең?
Қатты жел қанатыңа соққан кезде
Есіңе ораламын бір күні мен.
Кетерсің,
Үнсіз мені сүйіп көріп,
Кетерсің,
Кеудеңе мұң, күйік толып.
Бір кезде шырқап жүрген аспаныңнан
Көрінер менің еңсем биік болып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу