Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  158


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Арнау

Сазыңда бұлақ ағысы тұнды,
Барша қазақтың намысы тұрды.
Қасың да қалың қабаққа біткен
Жайықтың тал мен қамысы сынды.
Бағынбас нудың тағысы бар-ау,
Қарабурадай арысың анау!
Батырдың тегі – жүрегі нәзік,
Нәзіктің жиі сағы сынады-ау.
Иілгеніңмен сынбадың, аға,
Біздің ән-жырды тыңдады дала.
Әбубәкір деген айтқыштың тегі
«Қош келдің» айтып тұрғанын қара.
Аралап елдің ой, шыңын, бәрін,
Медеттің мұңын, аңшының зарын.
Мұхиттың сонау Зәурешін іздеп,
Тыңдаттың қайта Шәмшінің әнін.
Ақан деп іздеп Арқаның арын,
Шырмауық тағдыр тартады зарын.
Тербетіп бәрін әніңе қостың,
Сарысу бойын, Балқанның тауын.
Үш жүз жыл артқа жүгірдің кейін,
Талайға жұмбақ бүгінгі күйің.
Қытайға асып кетпедің неге,
Арқалап алып Сүгірдің күйін?!
Азамат, ару саналы бәрі,
Аңсатып туған даланың әні.
Үш ғасыр бойы армандап өткен,
Тартты ма елге бабаның қаны?!
Ежелден өжет ұл-қызды мекен,
Жайыққа көшті бұрғызды ма екен?
Жәмила, Әсел қыздарың ән қып,
Таңдандырдың-ау қырғызды, көкем.
Аруы қырғыз көңілден ғайып,
Кетпеді-ау түс пен өңіңнен қайық.
Көрінбей көзге сағыныш сезім,
Тартты да тұрды-ау Еділ мен Жайық.
Сағыныш саздан айықпап едің,
Салмағын әннің байыптап едің.
Қонысың құтты болғанын тілеп,
Арманың болған Жайыққа келдің.
Батыры жуған қайғыңды кілең,
Жауынгер жігіт, айбынды бұл Ел.
Көгілдір туды көтеріп көкке,
Жағадан қолды тайдырды білем.
Бабадан мұра жалынды жыр қап,
Туатын ертең дарынды ұрпақ.
Атамекеннен бастайды бір көш,
Еділ мен Жайық әніңді шырқап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу