Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  128


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Ауылға бардық

Ауылға бардық,
Өткеннен мұнда із қалмақ.
Домбыра көне,
Күй тартты жігіт бізге арнап.
Беткейде сонау
Азайып кеткен тұқымы
Билейді желге қызғалдақ.
Аңсайды ауыл
Әлі де қонақ сыйлауды.
Асығып кеттік,
Біз тыңдамаған күй қалды.
Наурыз көжені ұсынбақ сұлу келіншек,
Көне тостағаннан
Қызарып жүзі, қиналды.
Ауылға бардық,
Маңырап қозы,
Пішен мен тезек үйілген,
Қарапайымдау адамдары да
Жадағай, жалпы киінген.
Қаладан шаршап,
Тырысып барған мына біз
Тынығып қайттық
Аңқылдақ, аппақ пейілден.
Ауылға бардық,
Ауа да таза,
Адам да таза, қараңыз.
Өнер тербетіп
Жатқандай біздің Даламыз.
Өскеннен кейін
Қалаға барып бір ғажап
Ән айтам дейді бала қыз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу