Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  93


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Хамит Ерғалиевпен өткен кеш

От шашатын, әр шумағы дуалы,
Әңгімеге түрік жүрер құлағы,
Хамит ақын
– Қалқам, сенің жарыңның
Мамандығы кім еді? – деп сұрады.
– Сен көп қыздың бірі емессің, соны ойла.
Ақын да ана болу керек алайда.
Жыр-жүректі түсінбейді кез келген,
Қателеспе, абайла!
Өткір жанар тұрған өтіп өңімнен,
Сол ақынға жолбарыстай көрінген,
Сескендім бе,
Жай дауыспен:
– Ток жүретін электрдің
Сым сырларын оқыған,
Сіздің құмда өскен жігіт, – дедім мен.
Күй шертетін,
Бірге айтатын әнімді,
Ақынға мен таныстырдым жарымды.
Мамандығы қазір онша мода емес,
Энергетик-инженерді кәдімгі.
Сонда Хамаң:
– Ақын деген – еркелік,
Еркелікті қойып, ерге бол серік.
Ақын жүрек ток сымы ғой жалаңаш,
Екі қолмен екі от ұстап,
О, патшағар, кетпегейсің өртеніп,
Сол үшін алып қояйық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу