Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  703


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Шағала

Жүрегіңді алғыздың ба сезімге,
Неге келдің теңізі жоқ далаға?!
Қайғы жасы мөлдірейді-ау көзіңде,
Әлде сен де ғашықпысың, шағала?!
Жаутаңдайсың, жоқ іздеген жандайсың,
Көкірегің шерге толып бара ма?!
Қанатыңды ауыр қағып самғайсың,
Әлде сен де ғашықпысың, шағала?!
Жаныңа кім жара салды, шерлі құс,
Сол бір таңба бойда мәңгі қала ма?!
Жапан кезер кім осынша берді күш,
Әлде сен де ғашықпысың, шағала?!
Көк айдынның ақ еркесі емес пе ең,
Ол еркіндік бойда мәңгі қала ма?!
Не іздеп келдің дауыл көшкен белестен,
Әлде сен де ғашықпысың, шағала?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу