Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  226


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Батырмен жүздесу

Батыр боп іштен тумайды, сірә, әр адам,
Батырлық, мүмкін, туады биік санадан.
Батырды көрдім –
Бақытты елдің солдаты ол,
Омырауға Жұлдыз қадаған.
Өткен күн маған сыр айтты ойлы
жанардан,
Қарады жылдар самайдан анау ағарған.
Батырды көрдім 
Қан кешіп, қару асынып
Соғыстан аман оралған.
Эфирден тыңдап майданның таныс
әндерін,
Жүректі тырнап әлде бір шаттық, әлде мұң.
Отырды батыр есіне алып
От кешіп
Өткізген жастық дәуренін.
Қан майдан кешті,
Соғыстан елге қайтты аман,
Ұмытпақ емес басынан кешкен
жайтты адам.
Қырық жыл бойы шешіліп, сірә, ешкімге
«Батырмын» деп те айтпаған.
Кішіпейіл қалпы үлкенге әрі жасқа да,
Көрген жоқ әлі кезексіз барып кассаға.
Үн-үнсіз басын шайқайды кейде мінбеден,
Үйретсе ақыл жас бала.
Қызықтап жастар сан алуан сауал береді,
Сөзге жоқ батыр,
Баяндап қанша керегі.
Өйткені Ердің еліне еткен еңбегі
Сатулы емес дер еді.
Әжім боп мына маңдайда қырық жыл
жатыр,
Майдандастарға мәңгілік белгі қырда тұр.
Басынан кешкен жайларды жырдай
баяндап
Сөйлемейді екен бұл батыр.
Қан майдан есте, қимастай ерлер
достасқан,
Қыршыннан кеткен доспен де талай
қоштасқан.
Жанардан жасын көрсетпей сүртіп алады,
Ешкімге ауыз ашпастан.
Қайтеді айтып Днепр өткен сол түнді,
Айтады несін сілкінткен жерді солқылды?
Бірге өткен сонда жолдастың бірі қалмады,
Білмеді өзі қорқуды.
Кез емес еді өмірден күдер үзетін,
Балғын жас еді, көрмеген қыздың ізетін.
Есіне қазір түспейді қалай қиратты
Немістің екі дзотын.
Жаралы жолдас.
Енді жоқ мұны қорғаушы,
«Отаным – анам, Ел үшін!» дейді жан даусы.
Шаршады. Талды. Есінен танды.
Түнде кеп
Әкетіпті екі барлаушы.
Көріпті олар батырдың ғажап қайратын,
Көріпті өлген немістің жиырма солдатын.
Плацдармды ұстады солай ерлікпен,
Танкісін жаудың жайратып.
Қорғады солдат сүйікті туған Отанды,
Жаралы болды, толтырды қайта қатарды.
Бір жылдан кейін ерлігі үшін сондағы
Кеңестік Елдің Батыры болып атанды.
Контузия алды,
Тірілей жерге көмілді,
Қорғады солай бүгінгі бейбіт өмірді.
Атқыштар олар аттанған Қазақстаннан,
Дивизиясы – 73 нөмірлі.
Айтпайды батыр соғыста көрген
сұмдығын,
Бірақ та көздің алдында бәрі тұр бүгін.
Украинада өртеніп жатқан хуторлар,
Жүздері кейбір көмусіз қалған құрбының.
Айтпайды батыр қан кешкен азап соғысын,
(Сөйлеуге біздер тиіспіз енді ол үшін).
Сыпайы ғана: «Ұл күткен туған халқыма
Өтелді, – дейді, – борышым».
Айтпайды онша санчастьта қанша
жатқанын,
Молдаван, румын, венгрден достар
тапқанын.
Қанша елді азат етпеді совет әскері,
Қанша елдің қалды мәңгіге сақтап
ақ таңын.
Соғыстан өтті ол,
Тойлады Жеңіс күнін де,
Егінін салып, даланың терді гүлін де.
Бес бала сүйді,
Бар тағы жеті немере,
Бақыты тасқан бүгінде.
Қан кешіп бес жыл, еліне туған
қайтты аман,
Ұмытпақ емес басынан кешкен
жайтты адам.
Батырды көрдім
Қырық жыл бойы ешкімге
«Мен батырмын» деп айтпаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу