Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  107


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Алматының жаңбыры

Консерватория.
Серкебаев бара жатыр аяқтаған сабақты.
Бозторғайдың даусындай
Ашық тұрған терезеден ән ақты.
Біреу енді сынамақшы талабын,
Ал жас дауыс жатты үйреніп
Махаббаттың ескі әрі жаңа әнін.
Будақ бұлттар көшіп-көшіп,
Алматының төгіп кетті нөсері.
Нөсерден соң мұнда гүлдер
Бір-ақ түнде өседі.
Сылдыр-сылдыр арықтардан су ақты,
Байқалмастан өтіп жатқан
Біздің өмір сияқты.
Біреу жауын астында тұр,
Ләззат алып нөсерден.
Біреу үйге қашып жатыр,
Такси ұстап көшеден.
Жапырағы ақ қайыңның
сылдыр-сылдыр күледі,
Саясына ғашықтардың келетінін біледі.
Келетін-ді жауын түгіл боранда,
Бірақ тегіс бақытты емес олар да.
Жауын құйды, кей студент
Тұрады алыс Тастақта,
Жауын деген сөз болып па жас шақта.
Көк аспаннан сатырлаған тамшылар
Өмір жайлы
Симфония жазып жатыр
Асфальтқа...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу