Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  104


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Шәмшіні еске алу кеші

Жаңғырып жүрегімде жастағы әнім,
Сазына көне вальс мас боламын.
«Шәмшінің ән кеші бар» деген хабар
Қазағын селт еткізді астананың.
Тербетіп самал әуен бетегені,
Арыстың бойына да жетеледі.
Каспийден шулап ұшқан шағаланың
Қанаты көңіліңді көтереді.
Есікке сыртта толқын ұмтылады,
Концерттік залдың іші гүл тұнады.
Шәмшінің дәуірінің арулары
Көздерін орамалмен сүртіп алды.
Айлы түн, сұлу Сырда сылқым ағын,
Бақыттың құшағында бұлқынамын.
Ұмытып дүниені сәтке мынау,
Алдағы бос орынға ұмтыламын.
Иесі концерт залдың күліп тұрып,
Танытты маған ептеп «біліктілік».
Ақынға алдан орын аз тиерін
Шәмші-әуен жіберіпті ұмыттырып.
Шаршатты-ау қасіретің, өмір, сенің,
Басамын немен, қашан көңіл шөлін?
Орныма отырғызды бір бастықтың
Қазақша түсінбейтін келіншегін.
Дүние-ай, бұл өмірден сый күтті кім?
Көңілге тағы бір ой түйдік бүгін.
Пенделер тарта алмайды-ау таразыға
Салмағын талантты мен биліктінің




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу