Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  121


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Қыран

Туғаннан қатарынан дараланған,
Бойында сезім, намыс, сана болған.
Өнерлі Қажығали әулетінен
Қазаққа Шамғон атты бала қалған.
Сол Шамғон іңгәлаған Ұялыдан,
Құмшағыл құлаққа әлі құяды ән.
Ахмет Жұбановқа ізбасар боп,
Таланттың жаралғандай қиялынан.
Нарында туған бала, дала құмда,
Күй сазын алған жинап жанарына.
Тұлпарлар тұяқтарын ойнақтатты ол
Кәдімгі домбыраның шанағында.
Көкшіл көз, сұлу бітім, нар кескінді,
Жасынан айқындалды артистігі.
Дирижер Шамғонмен шықты әлемге
Дүркіреп Құрманғазы оркестрі.
Шаршатып көрерменнің алақанын,
Атырып әр кеудеде дала таңын.
Жазды ол жүректерге күй тілімен
Қазақтың Сарыарқасын, Алатауын.
Баттута сес көрсетіп құса-мұңға,
Шамғон тұр пультте, әуен құшағында.
Қырандар қомданады дәл осылай
Көгіне туған жердің ұшарында.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу