Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  173


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Көк дөненнің кісінеуі

Кез емес ақын іздеп сабылатын,
Тек ақын туған жерін сағынатын.
Ақ Жайық той өткізді өзінше бір
Толды деп 75-ке Қадыр ақын.
«Көп болды Жайыққа ақын бармағалы,
Аңсаған кәусарына қанбағалы».
Баяғы нөкері бар серілерше
Жанына іні-жолдас таңдап алды.
Уәдемен «Ақ Жайыққа жетем» деген
Келді ақын сөзге жүйрік нөкерлермен.
Мереке, Есенғали, Темірханы,
Қайрат пен Оңтүстіктен Көпен келген.
Шырқалып «Атамекен» сахнадан,
Балаша қуанады ақын оған.
Топырлап үлкен-кіші жолын тосып,
Шетінен қолтаңба алып жатыр одан.
Жыр кеші.
Шешенге ел басқартады.
Ақынға қошеметпен ас тартады.
Әзіл мен әнге толы берекелі,
Қазақтың қандай ғажап дастарханы?!
Ақынға күлу бақыт еркін жүріп,
Тілейді ол бұзбағанын сертін жігіт.
Әзілі мір оғындай, отырды ақын
Қауымды шабытымен желпіндіріп.
Құлағын, пейілін де тоса қалған,
Қастерлеп, қоршап-қорғап дос адамдар.
Тарихтың қалады әр кез назарында
Ақынға қиянат та жасағандар.
Сарғайтып сағындырған қыры, белі,
Қиялмен жалаң аяқ жүгіреді.
Кіндіктен қаны тамған топыраққа
Күтуде құшақ жайып Сырым елі.
Тұрса да қоңыр самал есіп алдан,
Біледі ол бұл далада несі қалған.
Жанарын сәл буланған сүртіп тастап,
Сонда ақын балалығын есіне алған.
Әкеден ерте қалып, сорлағасын,
Қу тірлік о бастан-ақ қорлағасын,
Балаға қызығатын қозы қуған
Қуатын өз қозысы болмағасын.
Ауылдың панасыз үй шетінде ана,
Енді арман – содан алыс кету ғана.
Мектебін бітірді де,
тәуекел деп,
Аттанды Алматыға жетім бала.
Жоқ еді қалтада артық тиыны да,
Өмірдің төзбек әлі қиынына.
Артында ана қалды шыт көйлекті,
Оның да жамау түскен иығына.
Арманы – дәріс алу даналардан,
Қарыз ап бірге оқыған балалардан.
Ауылдан Қадыр алыс аттанғанда
Артында жесір ана қала барған.
Келем деп туған жерге
құр сабылған,
Балалық түсіне енген
шын сағынған.
Шыға алмай қалды бірақ жігіт Қадыр
Ақындық деген дерттің құрсауынан.
Жыр жазу, іштегі дерт тарқағандай,
Көтерер ақын жүгін арқа қандай?!
Ұзақ жыл «Ой-орманға» кірген Қадыр
Көп жүрді қайта шығар жол таба алмай.
Шықпады сол орманнан, шыға алмады,
Көрмеуге туған жерін шыдаған-ды.
Әлпештер өз анасын уақыт таппай,
Тербетті ол Қазақ деген Ұлы Ананы.
Ойлы түн сұлу жырмен аяқталып,
Кетті ақын «Ой-орманға» таяқты алып.
Далада замандастар шырқап жатты,
Қадырдың ән-жырымен той атқарып.
Айналды жыр-бұлаққа кіндік қаны,
Көзінен бірақ ешкім мұңды ұқпады.
Басында жесір ана моласының
Бір шумақ өлең болып шындық қалды.
Бүгін той, жетпіс бестің есебі ме,
Созылып барады өзі неше күнге?
Туған жер сағынышын басатындай
Шомылып Қадыр-жырдың нөсеріне.
Көрсін деп елдің сыйын ақын аға,
Ақынды сүймесе олай шақыра ма?
Оюмен жабулаған көк дөненді
Мүтәлі алып шықты сахнаға.
Бір нәрсе мынау жылқы түсінеді,
Сезім бар онда жоқ кей кісідегі.
Тізгінді Қадыр ақын ұстағанда,
Көк дөнен ышқынып кеп кісінеді.
Халыққа кісінеді толып тұрған,
Ақыннан кеткісі кеп болып құрбан.
Көк дөнен кісінеді ақынды аяп,
Шал кезде шаба алмайтын жолықтырған.
Көк дөнен залға келген айдаладан
Тұрғандай жауап күтіп айналадан.
«Құйғытып атқа шабар дәуреніңде
Бұл қазақ ат мінгізсе, қайда болған?
Бұйыру бақытым ғой ақын ұлға,
Болар ең өзің ием, жақыным да.
Ал сізде төрт ай ғана ғұмыр қалған,
Мен сорлы кетем кімнің тақымында?»
Көк дөнен сахнадан кісінеді,
Сезді екен жануардың іші нені?
Заманда адамды адам ұқпай жүрген,
Тәйірі-ай, жылқыны кім түсінеді...
Ақында аз болады сайрандар күн,
Шын бақыт табады олар ойдан, бәлкім.
Асылды жоғалтқан соң,
Жоқтау айтып,
Кешігіп жүресің-ау, қайран халқым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу