Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  109


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Жыр кешінде

Жыр оқып тұр жүрегімен
Жанары отты жас ақын.
Біреу шетте күледі ме,
Кеш тез бітіп,
Қол соғуды тосатын.
Жыр оқып тұр жанарынан
Төгіп ғажап сезімді.
Біреу шетте қалғып кетіп,
Бір секундқа көз ілді.
Ояна сап мына әдеті
Әдепсіздік екенін тез сезінді.
Жыр оқып тұр жалынды ақын
Галстуксыз
Жай жадағай көйлекшең.
Бастық ағай ондайларды
«Формасыздар» дейді өңшең.
Жыр тоқтады, қол соғылды,
Анау шетте жылап отыр бойжеткен.
Жыр оқып тұр,
От жанары
Оқтай қазір
Залды тесіп шығатын.
Тіршіліктің жұмбағындай
Жұлдызы көп неткен сұлу мына түн!
Таңға дейін иесіз қалар кең залда
Күнде өлетін пенделерге
Мәңгіліктің жырын оқып тұр ақын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу