Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  160


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Мұқағалимен танысу

Өзің жайлы аңыз естіп жүр едім,
Өлең жазған жас таланттың бірі едім.
Алғаш көргем,
Жазушылар Одағында сол жылы
Өтіп жатқан кезектен тыс пленум.
Дайындалған баяндама оқылуда
жырланып,
Залда гу-гу,
Бір қалыпқа түспейді екен бұл халық.
Көзіңе ілмей сөйлеп тұрған шешенді,
Шалқасынан есікті ашып
Кіріп келдің ырғалып.
Мен өз басым
Бойыңдағы батылдыққа тамсандым,
(Сол ақындық еркіндікті талай жерде
аңсадым).
– Ей, ағайын,
Бұл мылжыңнан пайдалырақ бір өлең
Оқып берсем қайтеді, – деп жар салдың.
Жиналыстың төрағасы:
– Мұқағали, қой, – деді.
Сәл бұлдырап кеткендей ме көзіндегі
әйнегі.
Кімге сөзің өтіп еді ол кезде,
Тентек ақын, жалын жүрек, желбіреген
көйлегі.
– Мейлі, – дедің, – есімімді атамаңдар
мінбеден,
Шалқып жүрем өлең жазып күнде мен.
Мейлі, бүгін танымаңдар, аман болса
қазағым,
Мен әйтеуір осы ортаға ақын болып
бір келем!
...– Міңгірлеген өтірікші, естілмейді
дауысың, –
Деп сол жерде сөйлеушіге айтып кеттің
тағы сын.
Ешкім сені тыңдамады,
Қолдамады сені ешкім.
Ешкім онда деген емес:
«Аман болшы, арысым!»
– Маған орын жоқ қой, – деп, – бұл арада, –
Бұрылдың да шығып кеттің далаға.
– Мен тіріде шығартпаймын кітабын, –
Деді саған сөз бермеген төраға.
Оның сөзін құптап жатты басқалар,
(Бас изеуге көнбіс болған қасқалар).
Бір асау ғой жүген, құрық көрмеген,
Ішіп жүрген шығар, сірә, пәтшағар.
Біреу шығып жалпылдады мінбедегі
шешенге:
– Ұқсап тұрсыз, – деді, – құдды көсемге.
Не демейді ішкен ақын, тәйірі-ай,
Сырт түрі де ұқсап тұрған есерге.
Шығып кеттің отырмастан орынға,
Бүгін шыққан «Правда» мыж-мыж еді
қолыңда.
Сол қолыңды газетімен бір сілтедің,
ойпыр-ай,
Ақынмын деп мына залда отырған көп
момынға.
Қарасазды, кең даланы аңсағанмен
жүрегің,
Еркіңнен тыс «оқу іздеп» Мәскеу кеттің,
білемін.
Жоспарланған баяндама,
У-шуы жоқ, тып-тыныш,
Өтіп жатты талай-талай
Сен келмеген пленум.
Кеттің солай,
Адуынды мінезіңмен қыр асып,
Құйындатып, дауылдатып, болашаққа
ұласып.
Тек ақындар қалды сенің өрлігіңе
тамсанып,
Басын біреу сипап кеткен мысықтардай
жуасып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу