Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  129


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Даланың жөндемедік жолын әлі...

Даланың жөндемедік жолын әлі,
Баяғы өзің көрген оры, жары.
Беткейден аз ұшады қарлығаштар,
Қарға мен сауысқандар жолығады.
Кім білсін, көкорайға құлын аунар,
Жүгінер төре-биге ұлы даулар.
Сан ғасыр талай ұрпақ сусындаған
Қайтадан көзін ашар шыңыраулар.
Қазақтың уақыт емдер дертін бүгін
Оқитын кезең туар сертін, жырын.
Оңайға соқсын қайдан бірден алу
Кең дала, жас ұрпақтың еркіндігін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу