Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  146


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Сахнада «Құрманғазы»

1
Театрдың сахнасы ашылды,
Залға халық толды да.
Абақтыда Құрманғазы,
Мұңды күйді бебеулейді домбыра.
Түк жаңалық емес бұның бірі де,
Шындықты айтқан таланттардың
Сірә, жолы болды ма?
Күй кернеген көне қазақ аспаны,
Бұлттар көшті,
Ауыл көшті,
Көзден жауын – жас тамды.
Сахнада жүріп жатыр
Сұлу жырмен күй бабаны тербеткен
Адуынды Хамит ақын дастаны.
Ыңыранып басталды күй.
Дауылдатып күй бітті.
Ата-тектің намысы үшін Әубәкір
Құрмашқа кеп килікті.
Таңданатын сонша не бар,
Бағы жанып тұрғанда
Не істемейді билікші?!
Театрда ойлы мұң бар, арман бар,
Жас талант бар,
Бәрін көрген тарлан бар.
Күй атасын тәлкек етті
Ақбайлардың ұрпағы,
Дәл осылай тәлкек болды-ау
Міржақып пен Мағжандар.
Алуан пікір...
Мен, әрине, күй атасын жақтаймын,
Одан қалса қоюшыны мақтаймын.
Кейбір залдан күй ұғар жан таппаймын,
Осы сәтте Айжан қызға ғашық боп,
Күйдің сазын ұққаны үшін
Маған тіптен ұнап тұрды
Әубәкірі Ақбайдың.
2
Тәлім алсаң,
Бұл сахна – ғұлама.
Өз еркіңде, Құрманғазы
Күйіне де жылама.
Әртістікті қалама,
Тәңірден де ол өнерді сұрама.
Бірақ сені құтқармайды
Кейіпкері болудан
Өмір атты мәңгілікке
Жүріп жатқан драма.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу