Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  127


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Сырымға арнау

Тұтамыз жанға медеу осы күнді,
Айтқаның ақ қағазға көшірулі.
Біз тағы той жасаймыз, Сырым баба,
Ант етіп өшірмеуге есіміңді.
Таңдантып шешендігің ақындарды,
Таңдантып батылдығың батырларды.
Мәңгілік топырағы бұйырмаған
Мәңгілік туған жерде атың қалды.
Кеудеңде ар-намыс пен сезім бар-ды,
Арсыздан жеңілетін кезің бар-ды.
Қалғанша жер бетінде екі қазақ,
Тамсанып айтар тапқыр сөзің қалды.
Шаруаң жоқ алтын, күміс, жақұтпенен,
Түсіңе кірген емес бақыт деген.
Шындық пен ұлылықты өлтірмейтін
Өлшем бар халық және уақыт деген.
Өзіңді өтіп кеттің ұлысынбай,
Айбарлым, ат үстінде тұрысыңды-ай.
Өткір тіл жоқ бұл күнде кесіп айтар
Қолдағы қылшылдаған қылышыңдай.
Жарқылдап намыс оты жанарыңда,
Жөңкілтіп жау қусаң да ала қырда,
Өзіңнің ауылыңда өскен күшік
Сенің де жармасты ма балағыңа?!
Елім де, бозінгендей бозда, дарын,
Білгенсің жеңісіңнің аз боларын.
У жағып үзеңгіңе сені өлтірген –
Шет елден келген жау жоқ, өз қазағың.
Қызбай тұр Сырымы жоқ сөз базары,
Шындықтың отын ешкім қозғамады.
Бір ғасыр сенен кейін Махамбеттің
Қылышпен басын шапты өз қазағы.
Білмеймін, сол қазақта жоқ па қайғы,
Ұлысын тірісінде мақтамайды.
Күресі әділет пен зұлымдықтың
Үстінде жұмыр жердің тоқтамайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу