Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  109


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Сенгім келмейді

Аптыққан жалын дәуреннің
Өтетініне,
Бойдағы жігер дәрменнің
Кететініне,
Гүл теріп белден сағымды
Қайтпайтыныма,
Сүйікті жарға назымды
Айтпайтыныма
Сенгім келмейді...
Ән сал деп қимас құрбыны
Қыстамайтыныма,
Қаламды қайта бір күні
Ұстамайтыныма,
Арманшыл жүрек лүпілі
Тоқтайтынына,
«Мамалап» қызым бір күні
Жоқтайтынына
Сенгім келмейді...
Сағыныш лаулап бойымда
Жанбайтынына,
Құрбының қызық тойына
Бармайтыныма,
Тек ұрпақ мені өмірге
Жалғайтынына,
Жыр жолы болып көңілде
Қалмайтынына
Сенгім келмейді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу