Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  271


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Тамада

Өз жайына қалып өнер ақындық,
Кигендерін бәсекелеп жатыр жұрт.
Көңіл сыйлас бір таныстың үйінде
Бас қостық та, қонақтықта отырдық.
Бөтендер жоқ ат-жөндерін сұраған,
Бұл дастарқан бәріне де ұнаған.
Өйткені оның тас төрінде отырды
Лауазымы биігірек бір адам.
Тамада боп өзі кешті басқарды,
Басқалары сөз сөйлеуге жасқанды.
Ал сөз тиген «бақыттылар» шетінен
Сол мықтының саулығы үшін тост алды.
Сол бұйырса құйылғалы шай тұрды,
Сол шешеді үйге қашан қайтуды.
«Жүргеніміз дүниеде жер басып,
Сіздің арқа» деген сөз де айтылды.
Оған тура сен демекші қалай, кім?
(Қолда билік тұрған кезде бар айбын).
Өйткені ол мөр басатын қағаздар
Тағдырына қатысты еді талайдың.
Жалған тілек жүрегімді жаралай,
Еш адамның көзіне тік қарамай,
Кезегімде мен де бір тост көтердім,
Сау болсын деп төрде отырған сол ағай.
Сау болсын деп дені кербез жеңгенің,
Өзгелердің сөзін қайта жөндедім.
Мен де отырдым осы кеште амалсыз
Бірі болып екіжүзді пенденің.
Нәсіп тартпай, қате шығып есебі,
Беймәлім боп қалды ағамыз кешегі.
Сол бір кешті ұмытар-ау адамдар,
Дастарқан ше?
Бәлкім ол да кешеді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу