Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  171


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Ризашылық

Тақырыбым «ұсақтау» – бала жайлы,
Әлдилеп ақ сүт берген ана жайлы.
Пәк сезімді жырлау да ескіріпті,
Қазір сөздің ірісін бағалайды.
«Көші, – дедік, – өмірді пасықтардың,
Махаббат – сандырағы ғашықтардың».
Жоғалды деп арудан нәзік қылық,
Жігіттердің сөз еттік жасықтарын.
Ал мен болсам ризамын ғұмырыма,
Гүл тағамын қызымның бұрымына.
Қарапайым жердегі ана тапқан
Ғашық болдым қазақтың бір ұлына.
Сүйдім қырдың гүлін де, жусанын да,
Жудым сәби жөргегін, қуыршағын да.
Ана болдым кәдімгі, мейірленіп,
Тыпырлатқан тірлікті құрсағымда.
Отыратын жан жарын тосып үйде,
Мазалайтын тірліктің көші кейде.
Мен әйтеуір халқымның бір қызымын
Мына өмірді сүйетін осы күйде.
Қастерлеймін адал, пәк сезімді мен,
Ой кешемін, таң алды көзімді ілем.
Ірі сөзбен сөйлейтін кей пенденің
Ұсақ өмір кешетін кезін білем




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу