Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  163


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Бала

Түн ұйқыңды төрт бөлдің – ауырғанда,
Жүрегіңді қақ бөлдің – сағынғанда.
Той-дүрмекке барсам да үйге асығам,
Өздеріңді ұмытқан шағым бар ма?
Күлкің болып алдымда тұрды ақ таңым,
Ұмытыппын сын айтар жыл жатқанын.
Таланттылар жүргенде өлең оқып,
Мен сендерді әлдилеп құндақтадым.
Маған ән боп естілген құндақтағы үн,
Жырлар кезде тағы да жырлатпадың.
Әке тартқан күйін де домбыраның
Тиегіне жармасып тыңдатпадың.
Ойыншық боп қағазым, қаламым да,
Жыр жолдары мөлдіреп жанарымда.
Өлең қуып өтер ем, бәлкім, мәңгі,
Ал сендерсіз шын бақыт табармын ба?
Әсем әнім, ұйқасқан жыр жолдарым,
Құлындарым, жолымды қуғандарым.
Ашу, күлкі, реніш қуанышым,
Шаршататын бейнетім, думандарым.
Ертең саған жалғасып жатар даусым,
Еркіндеусің, кейде тым қаталдаусың.
Өйткені сен о баста адамзаттың
Ең басты бақыты боп атанғансың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу