Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  177


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Әйел жайлы

Әйел жайлы артық сөз жатыр өтіп,
Әлпештеген анамның аты кетіп.
Кейде мынау тағдырға өкпеледім
Сезімталдау жаратқан ақын етіп.
Кейде бетке соғады жел де есіріп,
Жетелейді тек алға сенбес үміт.
Жүргеннен соң жер басып, амал қанша,
Құрсаулайды кейде бір пендешілік.
Күндей сөздер естіліп айналадан,
Сын тұрады жанарда жәй қараған.
Біз сөз таппай жүргенде тост айтатын,
Ол жыр жазар сиқырды қайдан алған?
«Қайдан алған көйлектің әдемісін?» –
Өсектің де табады дәлелдісін,
Оқшау жүрсең – тәкаппар, көкірексің,
Жақындасаң – сөзшеңсің, пәлелісің.
Жан сырыңды білсе де қалады ұқпай,
Ашуланған сәтіңді және құптай.
Еркелігін балаңның ерсі көрер,
Өздерінде ерке өскен бала жоқтай.
Кеудеңдегі ұқпайды жыр ағысын,
Жаны ашыған болып-ақ тұрады шын.
Ішіп келсе күйеуің – бақытсызсың,
Ішпей келсе тағы сен кінәлісің.
Әйел жайлы артық сөз жатыр өтіп,
Әлпештеген анамның аты кетіп.
Кейде мынау тағдырға ризамын
Сезімталдау жаратқан ақын етіп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу