Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  125


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Өмірбаян

Дейді досым: «Мән берме айналаңа,
Жан сырыңды ұғатын қайда дана?
Өлең жазар уақытты құртып жүрсің,
Бас сұққанға деуіңмен «шайға қара».
Қапа болма баланың кеселіне,
Алаң болма ошақ, үй, көсеуіңе.
Сонда менің жыр жазбай жүрген күнім
Тірлігімнің кірмей ме есебіне?
Болып кету керек пе досқа бөтен,
Даралану, оны кім қостар екен?
Ақ ниетті жандарға жолдас болып
Ән айтқаным өмірде босқа ма екен?
Мән бермеуім керек пе тосын жайға,
Сөйлесуім керек пе асыл, майда.
Мұң-қайғысын өзгенің бөліскен күн
Мендік өмірбаянға қосылмай ма?
Әзіл айтпай жеңгеге базынамен,
Құлақ асып қайнының назына әрең.
Әлде есікті ішінен кілттеп алып,
Жатсам ба екен күні-түн жазып өлең?!
Жо-жоқ, мені қоршасын барша қауым,
Мазаласын дос-жаран қаншама күн,
Адам даусы жоқ бөлме қорқынышты,
Думанды орта әрқашан аңсағаным.
Тойға барсам, кеудемнен жыр ағады,
Жолаушының біздің үй – сұрағаны.
Менің өмірбаяным –
Жақсылармен
Бірге өткізген күндерден құралады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу