Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  149


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Дәнекер

Ұмыт қып ғашық кез, мас күнді,
Бір әзіл қапыда асқынды.
Жігіттің жүзінде – өктемдік,
Жарының көзінде жас тұрды.
Қимастар бір үйге сыймады,
Келіншек күліп шәй құймады.
Жанарға ашуды толтырып,
Жігіт тез портфелін жинады.
Ұмыт боп жақсылық бәрі әсте,
Бал күндер түспеді әлі еске.
«Мамалап, папалап» сол кезде
Шықты анау бөлмеден нәресте.
Еркелеп, былдырлап, жалтаңдап,
Көзімен екеуін арқандап,
Бөлуге болмайтын «дүние»
Ортаға кеп тұрды балпаңдап.
Еске сап алау шақ жас күнді,
Жаутаң көз нәресте састырды.
Жігіттің жүзінде күлкі ойнап,
Жарының көзінде жас тұрды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу