Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  100


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Махаббат, сенің әнің тыңдағаным...

Махаббат, сенің әнің тыңдағаным,
Сен едің табынғаным, жырлағаным,
Бірақ мен жырлағаным үшін сені
Мақтау сөз естімедім, сынға қалдым.
Ғашықпын гүл тербеген алаңға әсем,
Жүрмесем ғашық болып жана алмас ем,
Жек көріп кетсем барлық адамдарды,
Өмірден дос та, жар да таба алмас ем.
Келемін ақ пейілді досты көріп,
Кейде ісім баспады оңға, қастық еріп.
Күндеңдер ей, пенделер,
Ал мен болсам
Өтемін барлығыңды жақсы көріп.
Алуға төрден орын асықпадым,
Жүректі даңқым жоқ деп жасытпадым.
Жырларым жүрсе аузында армансызбын
Бір-бірін сүйе білген ғашықтардың.
Оқымас жырға көңіл бөлмегендер,
Оқымас махаббатқа сенбегендер.
Оқиды жүрегінде оты барлар,
Сезімі бір-біріне сөнбегендер.
Сол менің тілегім де, тілерім де,
(Келер күн не сыйларын білемін бе?)
Бірақ мен білем жырым жүретінін
Жатталып он сегіздер жүрегінде.
Армансың алыстағы, қиялда сен,
Мінезсің бойымдағы ұяң да әсем.
Махаббат, сен болмасаң жүрегімде,
Мүмкін мен Даламды да сүйе алмас ем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу