Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  216


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Досым едің. Көп болды көріспедім...

Досым едің. Көп болды көріспедім,
Қайғыңды, қызығыңды бөліспедім,
«Адал достар сирек-ау» дегенімде,
Сен менің пікіріме келіспедің.
Қолды маған бір сілтеп тастадың да
«Достар деген көп, – дедің, – жас шағымда».
Рас, достым, достар көп бақ жұлдызы
Жанып тұрған кезіңде аспаныңда.
«Бақта адам көп, сая бар терегінде»
Деген сөзді «сандырақ» демедің бе?
Күндікше дос дегендер көп екен-ау
Сен соларға күндікке керегіңде.
Дос табасың, досқа өзің танылғанда,
Достар қалар жаныңда ауырғанда.
Кімдердің кім екенін түсінесің,
Қадамыңнан оң басқан жаңылғанда.
Дос деп сеніп жүресің ел сенгенге,
(Сенім деген, сірә да, өлшенген бе?!)
Ондайлар да сыр беріп алады екен,
Шаңырағың оқыс бір теңселгенде.
Досым едің, дос болып қала алмадың,
Мен де саған қол созып бара алмадым.
Кеттің қуып шен-шекпен,
Ал мен қалдым
Сенумен ниетіне адамдардың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу