Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  479


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Тағы да махаббат туралы

Махаббат, тағы саған қайта оралам,
Сен болшы тақырыбым қайталаған.
Өмір жоқ махаббатсыз, бақыт та жоқ,
Басқалай әңгімем жоқ айтар одан.
Тірліктің кеше білсең күйін бөлек,
Ән керек, думан керек, жиын керек.
Екі рет оралмайтын бір ғана өмір,
Өмірді ғашықтықпен сүю керек.
Шын сүйсең, жарқыл бөлек жанардағы,
Бастайды батыл ағын жаңа арнаны.
Бақыт, сый табу үшін жер бетінен,
Алдымен сүю керек адамдарды.
Ақ таңды сүю керек, нұрын күннің,
Ұната білу керек түрін гүлдің.
Қыздары ғашықтықтан өліп кеткен
Аңызын оқу керек бұрынғының.
Ерге жар, балаға ана болмай ма қыз,
Қыз жоқта қызық жоғын ойланбаймыз.
Есеппен үйленетін сезімсізден
Ғашықтар жөніндегі қалмайды аңыз.
Жазғанмен махаббатты бұдан бұрын,
Қорғауға соны тағы шығам бүгін.
Жарын сүйе білмейтұғын жасықтардың
Елін сүйетіндігіне күмәндімін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу