Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  113


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Айнам қалды

Өтеді-ау қай кезде де арманда қыз,
Бүгін біз сол дәстүрді жалғаудамыз.
Болмаса дүниеде сұлу қыздар,
Кейінге айтылатын қалмайды аңыз.
Ақбикеш ұзатылып барады енді,
Мал берген сүймесе де ала келді.
Алғашқы алау сезім жанған жүрек
Бір кеште шерменде боп қала берді.
Сезімтал еткен тағдыр өнерліні,
Күйші Есжан тойға келді келер күні.
Сол еді-ау қалағаны Ақбикештің,
Жігіттің бақ байлады кедейлігі.
Той өтпек Нарын құмның етегінде,
Қыз кетпек мал бергеннің жетегінде.
Ақбикеш сұратып ап домбырасын,
Күй тартты әке үйінен кетерінде.
Жаңа күй тартты сұлу, ойланбады,
Барша жұрт мұңлы әуенге қайран қалды.
Шанағы домбыраның күңіреніп,
Дегенді қайталады: «Айнам қалды».
Дейді қыз: «Айнам қалды, армандамын,
Жүректің кім түсінсін зарланғанын».
Сол кезде күйді Есжан қайталады,
Көңілі екеуінің болған мәлім.
Құдалар мынау жайға секемденді,
«Күйшімен қыз көңілдес екен» деді.
Есжанға қамшы ойнатты осы сәтте
Күйеудің дөрекілеу нөкерлері.
Есжанды соқты топас тобыр келіп,
Қыз талды. Күйеу, құда отыр көріп.
Той тарқап, қызды дереу аттандырды,
Ал Есжан қалды мәңгі соқыр болып.
Өтеді-ау қай кезде де арманда қыз,
Бүгін біз сол дәстүрді жалғаудамыз.
Болмаса дүниеде сұлу қыздар,
Кейінге айтылатын қалмайды аңыз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу