Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  159


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Жайыққа арнау

Шырқатып дала әнін, дала зарын,
Жағаңда өмір кешкен бабаларым.
Жырақпын, бірақ түсін ұзатқан қыз
Төркінге сағынышпен ораларын.
Сен менің арманымның асқарысың,
Жүргем жоқ жырлап қана тастау үшін.
Мендегі Отан деген ұлы ұғымның
Алғашқы сезім атты бастауысың.
Жағаңда білем жас тал көктейтінін,
Жырламай ақын сені кетпейтінін.
Қинайды жүрегімді туған жерде
Өзіңше мәңгі сапар шекпейтінім.
Мен саған барып қайтсам ісім өнік,
Көрмесем бір құса дерт ішіме өліп,
Сағынсам ұйқыдан да жиі оянам,
Құмы ыстық жағалауың түсіме еніп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу