Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  116


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Түс

Азынай соққан Жайықтың
Бораны енді түсіме:
Аяздан келіп айыққым,
Жүгірдім бақтың ішіне.
Онда да пана болмады,
Ықтасын іздеп келген ем.
Бақтың да мына талдары
Кетердей ұшып желменен.
Дүрсілдеп қатты жүрегім,
Үрейім ұшып торықтым.
Өңімде шат боп жүр едім,
Түсімде неге қорықтым?
Нәресте қысып қойныма,
Алаңсыз ұйықтар шақтарды,
Ақ Жайық сезіп қойды ма,
Неге еске салды ақпанды?
Үй де бар, күй бар, дос та бар,
Кірбің жоқ мүлде көңілде.
Ақынның барға мастанар
Хақы жоқ дей ме өмірде.
Бекер ме әлде бүгінгім,
Тоқсыну, сірә, жат маған.
Жыр жазбай өткен күнімнің
Сұрауы ма екен ақ боран?
Жайыққа бүгін не дермін
Сағыныш сырын сақтаған?!
Ертеңгі туар өлеңнің
Екпіні ме екен ақ боран?!
Жыр жолы, жаса кешірім,
Алдыңда болса айыбым.
Бар қолда тербер бесігім,
Сен түсін мені, Жайығым.
Жабырқап қалдым жазасыз,
Борышым көбін сезіндім.
Мынау түн неге мазасыз,
Келмейді неге көз ілгім?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу