Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  157


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Жайығың тасып жатыр, Жұбан аға...

Жайығың тасып жатыр, Жұбан аға,
Бірдеңе көңіліне ұнамады, ә?
Жоқтайтын ақын болмай сіз кеткелі,
Жыр сүйген арна іштей тынады, аға.
Шағанның суда қалды теректері,
Жұлынып кетті ағынға желектері.
Мың өліп, мың тірілген қазағыңа
Бұ күнде өлең-жырың керек пе еді?
Біз көрдік нарық атты бір бәлені,
Белгісіз ертеңгі елге кім керегі.
Қолында билігі бар пенделерге
Жалпылдап кейбір ақын күн көреді.
Тарқадық елдік, ерлік базарынан,
Шаршадық ой-парасат азабынан.
Таланттың осы күні бәсі арзан
Қытайлық саудагердің тауарынан.
Жайығың төгілді, аға, шарасынан,
Ағынмен жатыр мұңды таласып ән.
Жұмыссыз, жалақысыз ақын қыздың
Ақ толқын жүрегіндей аласұрған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу