Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  113


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Ақ жайық, арнаға түс, арынтама!

Ару Жайық, ерке өзен, сабырлағын,
Бұл көктемде сен неге арындадың?
Құм мен тастан өрілген жарқабаққа
Ғажап болды-ау осынша бағынбауың.
Жайсаң қызға ел сені тең деп еді,
Мінезіңді адуын көрмеп еді.
Әлде сенің жанынды қинады ма
Жарты ғасыр Нарынның шөлдегені?!
Табиғатқа, тағдырға бағындың да,
Қыста ұйықтадың мұз көрпе жамылдың да.
Ақ айдынға аққулар еркелейтін
Бір дәуренді өзің де сағындың ба?!
Суың – кәусар, өзің – нәр, ақылдысың,
Бары анық бойыңда батыл күшің.
Егеменді елге өзен болғаныңа
Асып-тасып қуанып жатырмысың?!
Қазір саған құлаштап жүзе алар кім,
Неге сонша арнаңды бұза-жардың?
Бәлкім, сенің өмірде бар-жоғыңды
Елемеген жандарға ызаландың.
Түскен талай тасқынның азабына,
Дәуір менен тағдырдың мазағына,
Етек-жеңін жинауды сен үйретші
Далаңдаған даланың қазағына.
Мекендеген жағаңды ырыстылар,
Биыл белге бидай мен күріш тұнар.
Тарихы бар, тегі бар өзеннің де
Көрсеткені бір мінез дұрыс шығар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу