Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  195


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Наурыз

Құлақта алыс
Алпыс жыл бойы қалды ызың.
Жыл басы деген жалғыз үн,
Қадіріңді ұқпай,
Кетіп ек тәңір танымай,
Адасып қайта
Жолықтың бізге, Наурызым!
Сен қажет болдың біздерге,
Қанағат таппай
Көктемнің түгіл, күзден де,
Мейірімнен күдер үзгенде.
Күлкісі аздау тірліктен
Қажыған шақта
Біз шықтық сені іздеуге.
Бас ию білмей асылға,
Қатыгез болған
Қария түгіл, жасың да.
Темір адамдай
Жүрегі салқын ғасырға
Сендей бір мейрам
Қажет те шығар, расында!
Далама әкел ырыс-құт,
Ақ пейіл жандар
Ақ дәмін сыйлар туыстық.
Пейіліне ұқсас халқымның
Өзіңмен келсін тыныштық!
Ұмыт боп кетіп қинадың,
Күндік той деп ең
Ғұмыр бойына жиғаның,
Үлкенді кіші сыйлауын.
Анамның тілін,
Бабамның салтын сақтаған,
Хош келдің, Ұлы Мейрамым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу