Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  287


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Машина сату

Саудалы базар, жан-жақтан адам құйылған,
Аумайды бейне тірлікте қызық жиыннан.
Бәрінің мұнда тек ұтып кету арманы,
Дүние, шіркін, құралады екен тиыннан.
Алушы кетпек түсті деп арзан қуанып,
Сатушы қалмақ өтті деп қымбат жұбанып,
Өмірде өзін мәңгілікпін деп ойлаған
Саудагер тұрмақ білегін таңнан сыбанып.
Сатушы болып базарға алғаш келуім,
Сататын мүлкім – сапарлас болған көлігім,
Ағылған топтан алданар екен кім маған,
Шұбырғандардан алдамақ бүгін мені кім?
Ат-көлік әр кез жарлыға ханның тағындай,
Бақыт-ау жүрген кейбір жандарға
жалынбай.
Зулатып жүрген машинам кетті сатылып,
Жау мініп кеткен батырдың
арғымағындай.
Көл-көсір байлық енді алақанға сыйғаны,
Үйренген көлік көңілді сәл-пәл қинады.
Дедім мен іштей: «Болды ма серік жанына
Әкемнің сонау жоқ-жұқа жылғы жиғаны?»
Біреулер келіп, біреулер кетіп жатады,
Біреулер арзан, біреулер қымбат сатады.
Базардан қайттым есіме түсіп әкемнің
«Дүние, шіркін, опасыз» дейтін мақалы.
Бір жаяу келіп ат мініп кетті үйіне,
Мән берген жан жоқ менің де жаяу күйіме.
Осы екен дедім тірлікте мың-сан естіген
Қас қағым сәттік, дөңгелеп тұрған дүние.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу