Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  147


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Жұлдызды әлем

Қырларына гүл өсетін не түрлі,
Жарылқайтын жесірлер мен жетімді.
Біз мекендеп жүрген осы жер үсті
Кейде маған жұлдызды әлем секілді.
Өз-өзіңмен өтіп жатыр әр кешің,
Күндіз тағы өз ісіңмен әуресің.
Жұлдыз сынды жарқыраған адамдар
Жақын барсаң түсірмейді сәулесін.
Бірде батыл, бірде дана, ақынбыз,
Жүректегі армандармен жақынбыз.
Жолықпайтын метеориттер тәрізді
Әр бағытпен ағып бара жатырмыз.
Айналасын қорғап әркім үйінің,
Тілеп кетті өзі шығар биігін.
Жанып біткен планета сияқты
Шаша алмадық басқаларға мейірім.
Жұлдыз, жұлдыз!
Биіктіктің сәні еді,
Алыс қарап тұрсақ, сондай әдемі.
Неге салқын болады екен, япырмай,
Жарқыраған жұлдыздардың әлемі?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу