Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  177


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Сүмбіле

Май өтті, көктем өтті, гүлдер өтті,
Сыбдыр тал, ай сәулелі түндер өтті.
Қарлығаш сайрауымен келген арман
Тырналар қиқуымен бірге кетті.
Кеп-кеше ұшқан едік қанаттанып,
Жылдарды енді отырмыз санап қалып.
Ең қызық романның беттеріндей
Қыз дәурен өте шықты парақталып.
Таңдантпай баяғыша кереметтер,
Жүректі жасқамады терең өткел.
Торғайдың аузындағы балапан жем,
Көңілді көп қуантқан көбелектер.
Үгіттеп жуасуға қайсарларды,
Ұнаттық ақыл айтып, ой салғанды.
Тойларда ұшып-қонып билемейміз,
Тыңдаймыз баяу сазды байсалды әнді.
Жастарды қойсақ дейміз ойландырып,
Сабырға, салауатқа бойды алдырып.
Думанмен күте алмаймыз таң атуын,
Бет алды кете алмаймыз сайран құрып.
Тып-тыныш оңашаны армандаймыз,
Жақсыға, жаманға да таңданбаймыз.
Сыбдыры ақ қайыңның сыршыл емес,
Сан рет бәрін тыңдап алғандаймыз.
Ұмыт боп махаббаттың бал айлары,
Кей жанар көзәйнектен қарайды әлі.
Тек қана қатар өскен жігіттердің
Бізге онша байқалмайды самайлары.
Басылды алып ұшқан бұла көңіл,
Гүл емес, енді егінге тұнады өңір.
Қайғы боп, қуаныш боп өтіп жатыр
Өз заңын мойындатып мынау өмір!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу