Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  78


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Таптадық желкілдеген құрақ-талды...

Таптадық желкілдеген құрақ-талды,
Самалдан басым түсті күн аптабы.
«Керек, – деп, – қорғауымыз» жар саламыз
Өзіміз лайлаған бұлақтарды.
Аңқау деп мазақтадық жайсаңдарды,
Қулардың пысықтығы ой салмады.
Шалқар деп аталатын көлдердің де
Орнында көкшіл тартқан майса қалды.
Азайып ойлы жанар күй тыңдаған,
Көбейіп сөзі майда сиқырлы адам.
Бетінен өзен-көлдің естілмейді
Аққу мен қаздың үні қиқулаған.
Ер жігіт ертеңгісін ойланбайды,
Әр жерде шындық деген қол байлайды.
Пәк сезім «махаббат» деп аталатын
Есеппен үйленетін тойға айналды.
Дана деп ойламаппыз қарияны,
Ұмыттық аялауды әр ұяны.
Сақтаудың қажеттігін жаңа білдік
Толқыны жарға соққан дарияны.
Үй санап өсірдік те тас қаланы,
Қалдырдық өз бетінше жас баланы.
Меніңше, қайта құру осылардың
Барлығын қастерлеуден басталады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу