Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  263


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Медеу мұз айдыны

Биік шың, шырша – таулардың көркі,
байлығы,
Ұмытар мұнда келгендер мұң мен
қайғыны.
Делебең қозып, тұрасың елтіп бұл жерде,
Жарқырап жатқан шақырып мұздың
айдыны.
Шарпиды жігер, денеңді бір от қыздырып,
Айдынға тұрсаң арманның құсын жүздіріп,
Мәңгіге бейне айнымас сертін бергендей
Барады сырғып, жазбастан жұбын
қыз-жігіт.
Қалт басты әні, тобығы қыздың қайрылып,
Ұстаған жігіт қолынан қалды айрылып.
Анау бір пысық қайрылмай өтті көмекке,
Анау бір адам барады жеке жәй жүріп.
Біреулер – олақ, біреулер – жылдам,
бейімдеу,
Біреулер озып, біреулер қалып кейінде.
Жас толқын келіп қосылып жатыр
жаңадан,
Шаршаған біреу қайтқалы отыр үйіне.
Сүрініп біреу, біреулер оқтай зымырап,
Біреулер құлап, кетеді оңай тұрып-ақ.
Кішкентай қызым қосылып кетті
сол топқа,
Құлдырап барып қолымнан менің
шығып ап.
Үрей ме, бұл не, дірілдеп неге барамын,
Мен сені мұнша толқыннан қалай
табамын?!
Осы ма еді, құлыным, менен бөлініп,
Өмірге сенің өзіңше басқан қадамың?!
Үлгермей қалдым айтуға жүр деп
жайлап-ақ,
Құласаң қайттім қатыгез мұзға тайғанап?..
Қорқыныш маған, ал саған бәрі оп-оңай,
Ойың бар жалтыр айдында билеп,
ойнамақ.
Кетеді қазір біреулер мына алаңнан,
Кейбіреу мұнда сан рет қайта оралған.
Ұқпайсың әлі бірін де оның, қарағым,
Тағдыр да қиын, адамдар сонша сан алуан.
Мазасыз жанға осының бәрі жыр-дастан,
Аналық жүрек жақсылық тілер тынбастан.
Керегі маған – құламай сенің келгенің,
Керегі маған – ертеңгі сендік нұрлы аспан.
Мұз айдын мені батырды ойға не түрлі,
Зулай бер, ботам, буының енді бекіді.
Сен үшін бірақ жарқырап жатқан
жалтыр мұз
Мен үшін нағыз өмірдің өзі секілді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу