Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  138


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Қысқы түн

Аппақ-ау өңі даланың,
Тап-таза қардың ұшқыны.
Ақтықтан талар жанарың
Сәулелі еді қыс түні.
Ораған ақ түн өңірді,
Жоқ әлі белден таң атқан.
Екеуміз бүгін көңілді
Оралдық түнгі қонақтан.
Үйлерге, талға, жолға да
Ақ көрпе жауып тастаған.
Үлпілдеп ұлпа қар ғана
Құлайды жайлап аспаннан.
Он екі айда сағынта
Табиғат берген сый мына.
Қонады келіп ақ ұлпа
Сені мен менің иығыма.
Болған соң өзің қасымда,
Мен келе жаттым жалындап.
Ақ түбіт шәлі басымда
Ағара түскен қалыңдап.
Көктемнің басы болар ма
Сен мені алғаш сүйген күн.
Ұмытып қысты, содан ба –
Қақпастан қарды үйге ендім.
Үлгертпей мені не деуге,
Сен қарды еппен қаққаның.
Сау ете қалды еденге
Иығыма қонған ақ қарым.
Бір жалын шарпып өткендей,
Селк етіп шоршып түстім мен.
Қапыда сусып кеткендей
Ақ торғын көйлек үстімнен...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу