Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  151


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Еске алу

Өтсем де талай белестен,
Көңілден бір сәт өшпеді
Балалық күнгі елестер
Мәңгіге қалған естегі.
Матасы емес жат елдің,
Анамның жамау көйлегі.
Соғыстан қайтқан әкемнің
Иықта – жалғыз шинелі.
Шытқан жоқ бірақ қабағын,
Мұңайған емес көйлекке.
Егінін егіп даланың,
Ертемен кетті еңбекке.
Қонаққа берді тапқанын,
Бөлісті барын достармен.
Аязында да ақпанның
Ән салушы еді жас дәурен.
Сыйлайтын еді бір-бірін,
Шын ғашық солар екен-ау.
Көңілін қимай құрбының,
Сапарға шығып кетеді-ау.
Бұл күнде, шүкір, бар бәрі,
Адамдар сәл-сәл жатбауыр.
Өзінің тою арманы,
Өз қолы жету таққа бір.
Жиренше айтқан шешендік
Сендермен бірге кеткен бе?
Біреуден көрсем есерлік,
Оралам ойша өткенге.
Қайырым толы қайда ол күн,
«Сауатсыз» сендер аталған?!
Ниетке неткен бай болдың,
Дүниеге кедей ата-анам.
Мейіріммен өтті жылдарың,
Пана боп жетім-жесірге.
Бұл күнде өзі туғанын
Тастайды санап кесірге.
Емес пе өмір алда ұзақ,
Сыйдан ол күндік тұра ма?
Соғымға сойған жалғыз ат –
Ауылға тегіс сыбаға.
Бұл күнде жұртта тоқ қарын,
Шарлап жүр еркін ғаламды.
Қолында билік жоқтардың
Достары бірақ санаулы.
Мінез бар салқын менде де,
Қате ісім болса кеш, бабам.
Кездессем кейбір пендеге,
Сендерді жиі еске алам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу