Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  771


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Әкеме

Болса да нәзік гүл өңім,
Өсірдің еркек баладай.
Қыз деуді, әке, білемін,
Көңілің жүрді қаламай.
Қалмадым елі қасыңнан,
Мен болдым қызың, ұлың да.
Үйір ғып қойдың жасымнан
Қамшыға, асау құлынға.
Жатпадым ана қойнына,
Сен келмей тамақ ішпедім.
Оралып тыста мойныңа,
Тізеңнен үйде түспедім.
Жарқырап бір от көзіңде,
Ұсындың сусын бал қатып.
Жол жүріп қайтқан кезіңде
Алдыңнан шықтым шаңдатып.
Тұлпарды жексең шанаға,
Делбесін қақтым елеңдеп.
Сен жүрдің: «Ертең балама
Келіншек алып берем», – деп.
Мылтығың болды қосауыз,
Мен оны қолға алмадым.
Ақ қарда қалды жосып із,
Сенімен аңға бармадым.
Жинамай асық қалтаға,
Ерекше сенің өсті «ұлың»...
Бір күні менің арқама
Төгіліп кетті қос бұрым.
Тағдыры қыздың мүлде өзге,
«Жаралды жатқа» деме сен.
Асығып күткен бір кезде
Армандай балаң емес пе ем?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу