Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  139


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Тырналар

Айтқандай күзден бір хабар,
Үнінде біраз мұң да бар.
Барады өтіп төбемнен
Тыраулап ұшқан тырналар.
Қимайтын көңіл таныс жақ,
Кеткісі келмей алыстап.
Жаңғыртып астын аспанның,
Барады түгел дауыстап.
Бірінен бірі оза алмай,
Қанатты қатар жазардай.
Тізілген көштен татулық
Тапқандай тұрмын көз алмай.
Тізіліп ұшқан жақсы да,
Бұзушы қатар жоқ, сірә.
Дегенмен көшті бастаған
Қызығып тұрғам басшыға.
Шаршады ол қанат қаға алмай,
Қалды әні алда бола алмай.
Екінші тырна шықты озып,
Дәл бағы жанған адамдай.
Әп-сәтте ол, міне, жетілді,
Мақсаттап алда өтуді.
Мәні де мына тірліктің
Үздік бір самғау секілді.
Есіме менің бұл көштен
Достарым түсті бірге өскен.
Кеудемде тұрды бір әуен
Даусымен тырна үндескен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу