Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  428


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Даланың қарлығаштары-ай

Кеудемді жанап өттіңдер,
Жүр едім жырды бастамай.
Азайып неге кеттіңдер,
Даламның қарлығаштары-ай?!
Қырларды әнге бөлеген,
Сұлуы бейне жәннаттың.
Арудың қасын теңеген,
Қайдасың, қиғаш қанаттым?!
Қайдасың бүгін, қанаттым,
Зияны тимес ешкімге?!
Ұрпаққа пана болатын
Тыныштау жаққа көштің бе?!
Ұяңа маза бермеген
Шошындың ба екен жыланнан?
Сапардан қайтсам, менде де
Көп емес алдан шығар жан.
Өзіндік титтей жүрекпен
Қатерді қандай сездіңдер?!
Көктемде бәрің жыр еткен
Даладан неге бездіңдер?
Топталып ұшқан үйірің
Достардай еді-ау жаны ізгі.
Адамнан кеткен мейірім
Сендерде қалған тәрізді.
Кеудемді жанап өттіңдер,
Жүр едім жырды бастамай.
Азайып неге кеттіңдер,
Даламның қарлығаштары-ай?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу