Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  116


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Сонау бір көктем, сонау күз

Сонау бір көктем, сонау күз
Айнала тегіс салған ән.
Жимаған есті балаңбыз,
Көңілге күдік алмаған.
Біз үшін тегіс көктем – гүл,
Өмірдің сүйдік қаз-қалпын.
Бар бұлақ бізге мөп-мөлдір,
Ертеңгі күн де жап-жарқын.
Ән салушы едік қайда да,
Сыймайтын бойға күш-ағын.
Достыққа ғана айнала
Тұрғандай ашып құшағын.
Қулық пен сұмдық, алдауды
Не деген бақыт білмеген?!
Жылжытқан алға арманы,
Өмір-ай, неткен күрделі ең?!
Күрделі ең неткен, тіршілік?!
Даналар жауап таппаған.
Таңында күліп күн шығып,
Түнгі аспан жұлдыз қаптаған.
Сауалың өсіп күніге,
Жүресің деумен бұл қалай?
Жұмбақтай сырлы дүние,
Зуылдап жатқан жылдар-ай!
Мән бермей онша кетіп ем,
Есіме түсті сол бір күз.
Сарғайған альбом бетінен
Қарайды маған мөлдір қыз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу