Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  85


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Шыңдарға жету қиын мұнарланған...

Шыңдарға жету қиын мұнарланған,
Әркімдер биіктікке құмарланған.
Қолына кез келгеннің түсе бермес
Жақсы ғой, шамаң келсе, шынар болған.
Сұлуға сұқтанғыш көп сылаңдаған,
Түлкі де түсер қолға бұлаңдаған.
Жүретін дара саяқ алыс шолып
Жақсы ғой қолдан келсе қыран болған.
Кейбіреу өнер қуса салып ұран,
Жол беріп тұрса дейді бәрі бұған.
Әр құстың өз даусы бар сайрайтұғын,
Бола ма қанаттының бәрі қыран.
Жат болсын адамға адал сезім неге?
Күш керек адалдыққа төзуге де.
Қырандық оңайлардың олжасы емес,
Азайды ол табиғаттың өзінде де.
Сиреген табиғатта лағыл тас та,
Әрине, қырандарда жалын басқа.
Аспанға кетсе, шіркін, қыран толып,
Адамдар қарлығашын сағынбас па...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу